Ресейде жұмыс күші тапшы
Ресейде жұмыс берушілер дабыл қағып отыр.
Елде 200 мың курьер, 50 мың жүргізуші, 50 мың көше тазалаушы жетіспейді. Әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және көлік-логистика салаларында жұмысшы тапшы.
Биылғы қыс Мәскеуде көше тазалаушылардың жетіспейтінін көрсетті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жұмысшы тапшылығы 50%-ке жетті,- дейді мамандар. Жұмысы ауыр көше тазалаушының жалақысы – шамамен 60 мың рубль, яғни 300 мың теңге. Ал жеткізушілер бұған қарағанда екі есе артық табыс табады.
Максим Чирков, экономист:
- Мәскеуде курьердің жалақысы шынымен де жоғары. Айына 150-200 мың рубльге дейін жетуі мүмкін. Бұл салаға кетемін деген жұмысшысын ұстап қалу үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы да жалақы деңгейін көтеріп жатқанын көріп отырмыз.
Ресейдегі электронды сауда көлемі пандемия кезінде күрт өсе бастады. Қазір бұл сала жыл сайын 30% өсім көрсетіп отыр.
Сергей Зайнуллин, Ресей халықтар достығы университетінің маманы:
- 3 жыл ішінде электронды сату көлемі екі есе өсті. Әрине, бұл қосымша кадрларға деген қажеттілікті тудырды. Курьер, жүргізуші және буып-түюші мен қойма қызметкері сияқты жұмыскерлер қажет. Логистика басқа салалардан жұмысшылар тарта бастады.
Компаниялар біліктілігі төмен қызметкерлеріне жағдай жасауға да дайын. Ол үшін жалақыларын көтеріп жатыр. Бір жылда қоймашылардың еңбекақысы 12%-ке, буып-түюшілердің табысы 16%-ке, ал курьерлердің табатын ақшасы 17%-ке өскен.
Дана Нұржан, тілші:
- Ресейдің еңбек нарығындағы маман тапшылығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың әртүрлі салаларында 5 миллион адам жетіспейді. Елдегі кәсіпорындардың 90% жұмыскер іздеумен әлек, ал Орталық банк жұмыс күшінің тапшылығын Ресей экономикасының басты проблемасы деп атады.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.