Қытайда демографиялық дағдарыс
Қытайда осымен екі жыл қатарынан демографиялық дағдарыс.
Кісі өлімінің көрсеткіші де жоғары. Былтыр халық саны 2 миллион адамға азайған. Оның алдындағы жылы да жағдай мәз емес-тін. Бұл коронавирустың әсері дейді мамандар. Ол аздай бала туу көрсеткіші де жақсармай тұр. Өйткені, ірі шаһарларда өмір сүру қымбат. Әйелдердің жұмысқа орналасуы да оңай емес. Сондықтан жастар жағы балалы болуға асықпайды. Бұл тек әлеуметтік қана емес, ірі экономикалық мәселеге айналып барады. Өйткені, жұмысқа қабілетті азамат саны азаяды. Демек салық төлеушілер кемиді деген сөз. Ал зейнетақы төлеу және медициналық қызмет көрсету секілді қарт кісілерді қолдауға кететін шығын керісінше ұлғаяды. Қазірдің өзінде халықтың бестен бірі - алпысты алқымдаған қариялар. 20 жылдан кейін ел тұрғындарының үштен бірі қарт кісілер болады деген болжам бар.
Кан И, Қытай ұлттық статистика бюросының директоры:
- 2023 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, Қытайда халық саны 1 миллиард 400 миллион 967 адам болған. Былтыр 9 миллион сәби дүниеге келді. Ал кісі өлімі 11 миллионнан асады. Еңбекке жарамды тұрғындардың үлесі - 61,3 процент. Ал жасы 60-тан асқан қарттардың үлесі 21 пайыз шамасында.
Мұның бәрі экономикаға салмақ салып отыр. 2023 Қытай экономикасы үшін кейінгі 30 жылдағы ең нашар жыл болды. Сарапшылар жағдай осылай жалғаса берсе, мемлекеттің АҚШ-пен арадағы бәсекеден ұтылатын түрі бар дейді. Шығысымыздағы көрші бірнеше жылдан кейін америкалықтарды басып озып, әлемнің бірінші экономмикасына айналуға дәмелі. Бірақ демографиялық жағдай түзелмей, олай болуы екіталай деген пікірлер жиі айтыла бастады. Танымал медициналық Ланцет журналының зерттеуіне сәйкес, мына түрімен ғасыр соңына таман халық саны бойынша Қытайды Африкадағы Нигерия басып озуы мүмкін. Мамандар билік мемлекеттік деңгейде бала тууды ынталандыруы қажет дейді. Өзге елдердегідей аналық капитал секілді шараларды мысалға келтіреді. Бұған дейін билік салықтық жеңілдіктер, жүктілік бойынша демалысты ұзарту, тұрғын үй субсидиялары секілді бастамалар көтерген. Алайда көбі әлі іске асқан жоқ. Өйткені коронавируспен күрестен кейін бюджетте ақша жетпей жатыр.
Ван Вейдун, телекомпания қызметкері:
- Билік жаңадан отбасын құрған ерлі-зайыптылар мен балалы болғандарға демалысты ұзартты. Бұл жақсы әрине. Бірақ меніңше жеткіліксіз. Себебі бала тууды ынталандыру үшін одан да ауқымды шаралар қажет. Биліктің қазір жасап отырғаны - жай ғана қосымша көмек.
Францияда былтыр 678 мың сәби дүниеге келді
Бала туу көрсеткішінің төмендеуі еуропалықтардың да бас ауруына айналды. Мұнда да жастар балалы болуға асықпайды. Өйткені оны тәрбиелеуге көп ақша керек деп санайды. Оған жаһанды жайлаған қымбатшылықты қосыңыз. Францияда былтыр 678 мың сәби дүниеге келген. Бұл 68 миллион тұрғыны бар мемлекет үшін әлсіз көрсеткіш. Мұндай жағдай Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған. Бірақ соның өзінде Еуропаның өзге елдерімен салыстырғанда, Франциядағы жағдай жақсы дейді сарапшылар. Мұнда бір әйелге бір жарым баладан келеді. Бұл Еуроодақтағы орташа көрсеткіштен біршама жоғары. Бұл ретте елге ағылған мигранттардың да пайдасы тисе керек. Сарапшылардың ойынша бұл мәселеде арнайы реформалар қажет. Қазір жүктілік бойынша демалыстағы әйелдер ай сайын 400 еуро алады. Бұл аз деп санайды тұрғындар. Демографиялық мәселені шешу үшін Президент бірқатар бастаманы қолға алмақ.
Эммануэль Макрон, Франция Президенті:
- Біз бала күтіміне қатысты демалысты ұзартуға ниеттіміз. Ол басқаша аталатын болады. Сонда әкесі де, анасы да алты ай бойы сәбиінің жанында бола алады. Төлемдер де бұрынғыдан жоғары болады.
Демографиялық дүмпу
Есесіне Африкадағы жағдай жақсы. 130 жыл бұрын мұндағы халық саны 140 миллион болса, қазір бір жарым миллиардтан асып жығылады. 2050 жылға таман көрсеткіш 30 пайызға өседі деген болжам бар. «Сонда әлем халқының төрттен бірі – Африка тұрғындары болуы әбден мүмкін. Түптеп келгенде, мұның бәрі экономикалық өсімге оң ықпал етеді. Сөйтіп келешекте құрлықтағы кейбір мемлекеттердің ірі экономикалық державаларға айналуы да ғажап емес»,- дейді сарапшылар.