Еуроодақ Газа секторындағы атысты тоқтатуға шақырды
Еуропарламент Газа аймағындағы атысты тоқтатуға шақырды.
Қабылданған қарар бойынша ХАМАС-пен қатар Израиль де тиісті талаптарды орындауы шарт. Алайда, қарулы қақтығыстар әлі де жалғасып жатыр. Израиль тарапы бұл жолы Газаның оңтүстігіндегі қалаларды атқылауда. Толығырақ тілші тарқатады.
Еуропарламент Газадағы атыс-шабысты тоқтату қажет деген шешімге келді.
Страсбургтегі пленарлық отырыста қабылданған қарарға 312 депутат дауыс берді. Олардың 131-і қолдаса, 72 депутат қалыс қалған. Құжат бойынша, ХАМАС тарапы "барлық кепілге алынған тұтқындарды ешқандай шартсыз босатуы" тиіс, ал Израиль билігінен Иорданияның батыс жағалауы мен Шығыс Иерусалимдегі Палестина аумақтарын басып алуды тоқтатуды талап етті. Сондай-ақ, депутаттар бейбіт тұрғындардың үйлерін тастап қашуға мәжбүр болғанына қынжылыс білдірді.
Атысты тоқтату туралы ұсыныс ЕуроПарламенттің қазан айындағы ұстанымынан өзгеше. Ол кезде депутаттар Газа тұрғындарына жеткізілетін көмекті қолдамай, гуманитарлық үзіліс жасауға шақырған болатын. Ал, ЕуроОдаққа қарасты 27 елдің басшылары бірауыздан атысты тоқтату шешімін қолдаған жоқ.
Израиль әскері Газаның оңтүстігіне шабуылдады
Ал осыдан бірнеше тәулік бұрын Газа секторының солтүстігін бақылауға алғанын жариялаған Израиль әскері аймақтың оңтүстігіне шабуыл жасады. Хан Юнис қаласындағы ең үлкен аурухананың айналасын бомбалап, науқастар мен тұрғындар бас сауғалап қашуға мәжбүр болды.
7 қазанда басталған қақтығыстан Израильде, биліктің соңғы мәліметтері бойынша, шамамен 1мың 200 адам қаза тапты. Ал Палестина Денсаулық сақтау министрлігі опат болғандар саны 24 мың 400-ден асты деп отыр. Бұдан бөлек, 61 мыңнан астам адам жарақат алған.