Түркияның тұңғыш ғарышкері сапарға аттанды
Түркия тұңғыш ғарышкерін ғарышқа аттандырды, деп хабарлайды 24KZ.
36 мың үміткер арасынан таңдалған астронавт – 44 жастағы Альпер Гезеравжы – инженер әрі әскери ұшақ пилоты.
Түркияның тұңғыш ғарышкері Альпер Гезеравжы Флоридадағы Кеннеди ғарыш орталығынан SpaceX Falcon 9 зымыранымен Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. 4 адамнан тұратын экипажды NASA-ның бұрынғы астронавты Майкл Лопес-Алегрия басқарады. Борт мүшелері: Италия әуе күштерінің ұшқышы Вальтер Вилладей, швед Маркус Вандт және түрік Альпер Гезеравжы. Түркияның ғарыш тарихындағы айтулы оқиғаны ел тұрғындары асыға күтті. Әрбір қаланың орталығында бас қосқан азаматтар жергілікті уақытпен сағат түнгі 00:49-да отандастарын ғарыш әлеміне шығарып салды.
Тува Жихангир Атасевер, ғарышкер атағына үміткер:
- Бұл – еліміздің ғарыш болашағына жасаған алғашқы қадамы. Осылайша, тарихи сәтке куә болып тұрмыз. Байланыс арқылы ғарыштан тұңғыш рет түрік тілін естиміз. Альпер мырзамен 8 ай бойы арнайы дайындықтан өттік. 50 жылдай кеш бастадық. Бірақ жақсы жаңалықтармен осы олқылықтың орнын толтырамыз деп ойлаймын.
Мехмет Фатих Качир, Индустрия және технология министрі:
- Альпер Гезеравжы ай-жұлдызды туымызды көкке көтерген ғарыштық миссиясын сәтті аяқтап, елге аман-есен оралады деп сенемін. Осы қызықты сәтті тағатсыздана тамашалап отырған балаларымыз бен жас іні-қарындастарымызға жарқын болашақ тілеймін, олар да үлкен жетістіктерге жетеді. Олар – түрік ұлтының мақтанышы.
Ұлттық ғарыш бағдарламасы аясында жүзеге асырылған сапар Түркия Республикасының 100 жылдығына орайластырылып отыр. 36 мың үміткердің ішінен 2 астронавт таңдалыпты. Іріктеу кезінде үміткерлердің біліктілігі және спорттың қай түрімен айналысатыны сарапқа салынған.
Альпер Гезервжы, ғарышкер:
- Мен осы бір тарихи сәтті Ұлы Ататүріктің сөзімен бастағым келіп тұр. Түркия Республикасының негізін қалаушы, кемеңгер Мұстафа Кемал Ататүрікше айтсам, «Болашақ көкте».
Жүзден жүйрік шыққан Альпер Гезервжы Халықаралық ғарыш станциясында 14 күн бойы әртүрлі ғылыми бағдарламаларды орындайды. Ғарышта 13 тәжірибелік сынақ жүргізеді. Экипажды тасымалдайтын көлік 1,5 күндік сапар соңында Халықаралық ғарыш станциясымен түйіседі деп күтіліп отыр. Бұл сапардың құны – әр ғарышкер үшін 55 млн АҚШ доллары. Түркияның ғарыш сапары мұнымен шектелмейді. Бірнеше айдан кейін екінші үміткер Тува Жихангир Атасевердің суборбитальды ұшуы жоспарланған.
Авторы: Меруерт Қанағат.