Түркия – әлем туристері үздік деп бағалаған бағыттардың бірі
Жыл сайын мұнда 50 млннан аса шетелдік мейман келеді.
Иә, бұл елде маусымдық ерекшелік жоқ, туристерді жыл бойы қабылдайды. Олардың қатарында қазақстандықтардың да үлесі басым.
Әзербайжан, Өзбекстан, Қазақстанның тілшілері Ыстамбұлда бас қосты. Мақсат - көркем өлкенің өткені мен бүгініне бойлау. Сапарымыздың басында туристер міндетті түрде бет бұратын орын – Айя София мешітіне бардық. Құлшылық орнында қазір жаңғырту жүріп жатыр. Сол себепті, ғимарат ішіне кіруге мүмкіндік болмады. Есесіне таяуда ашылған Айя София тарихи музейіне жолымыз түсті.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Ыстамбұлға келгенде көпшілік асығатын ғимараттың бірі Айя София мешіті. Оның негізі 324 жылы қаланған. Ал қазіргі келбеті 537 жылдан бері қалыптасып келеді. Әрине, сол уақыттан бері талай сыннан да, сынақтан да өтті. Бүгінгі күнге жетті. Міне 2020 жылдан бері нысан құлшылық орны ретінде қолданысқа берілді.
Бұл шежіреде ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енген Айя София мешіті жайлы деректер толық қамтылған. Бұдан бөлек, 16 тілде сөйлейтін арнайы аудио гид пен сәтті бейне көріністер, әсерлі музыка 1700 жылға созылған мезетті баяндап береді. Бірнеше қабатты жүріп өткен көрермен бірнеше заматтың ыстығы мен суығын бойдан өткізеді. Айтпақшы, Ыстамбұлда 3,5 мыңнан астам мешіт бар. Солардың ішінде Айя София мен Сұлтан Ахмет мешіті бір-біріне жақын орналасқан.
Беркан Ташан, кәсіби гид:
- Біз қазір Сұлтан Ахмет алаңында тұрмыз. Бұл ескі қаланың орталық алаңы. Міне жанымызда Сұлтан Ахмет мешіті тұр. Оны шетелдіктер көгілдір мешіт деп атайды. 17 ғасырда салынған бірегей құлшылық орнының архитектурасы да өте әдемі. Жалпы Константинополь қаласының тарихы бай. Көне ғимараттар мен киелі жерлерді бір күнде аралап шығу мүмкін емес. Сондықтан болар, туристеріміз ұдайы қайта айналып келіп жатады. Бұл бізді қатты қуантады.
Түркияға жыл бойы турист ағылады. Былтыр олардың саны 50 млн-нан асқан. Меймандардың көп баратын мекені Ыстамбұл қаласы. Ол көзтартар көркімен, терең тарихымен, жауһар мәдениетімен, ең бастысы теңдесі жоқ асханасымен ерек. Тілшілерге арналған бұл сапар әріптесіміз Мадина Асылбекованың жадында көпке дейін сақтады. Ол күллі түрік әлеміне танымал бас аспаз Неджати Йылмаздан шеберлік сабағын алып үлгерді.
Мадина Асылбекова, EL.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі:
- Бұл тәжірибе алмасу алаңы болды. Өте керемет, өте әсерлі. Одан бөлек, танымал мейрамханада шеф-повармен ас дайындаудың сәті түсті. Өте сезімім керемет. Стамбул өзінің тәттілерімен, тамағымен тартады ғой көпшілікті. Сондықтан мен соған өзімнің үлесімді қосқаныма, өз қолыммен дайындап көргеніме қуаныштымын. Бұл үлкен мәртебе.
Ең, ең-нің бәрі Түркияда тоғысқандай. Тілшілерге әлемнің шоппинг сүйерқауымы ерекше бағалайтын Гранд Базар таныстырылды. Бұл жаһандағы ең ірі сауда алаңы. 64 көшені қамтитын аумақта 4000 дүкенге орын бар. Түрік мәдениетіне қызығатын көпшілік ол жерлерден осман дәуірінен сыр шертетін кілем, керамика бұйымдарын сатып алады. Жергілікті халыққа тән шай мен тәттілерді де табуға болады.
Ыхтиоржон Сыддықов, журналист/Өзбекстан:
- Стамбулға бірінші рет келіп тұрмын. Алған әсерім өте ерекше. Түркияда терең тарих бар. Бүгіні де өте қызық. Осындағы құлшылық орнына баруды армандағам. Бүгін барып көрдік. Сауда да қызып жатыр екен. Көне ғимараттарға тәнті болдым. Ас мәзірінен дәм бұйырды. Ең бастысы, халқы жайсаң. Біздің Қазақстан мен Әзербайжаннан келген әріптестеріміз де мұны байқады. Бәріміз үшін жақсы демалыс болды.
Жұмыс пен демалысты қатар алып жүрген қандай жақсы. Турды Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі ұйымдастырған. Ал қазақстандық тілшілердің сапарына Түркітілдес журналистер қоры мұрындық болды.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Бағдат Қайыркен