Бішкекте 5 балдық жерасты дүмпуі сезілді
Өткен түні Бішкекте де 5 балдық жерасты дүмпулері сезілді.
Зілзаладан үрейі ұшқан көпқабатты үйлердің тұрғындары аязға қарамастан, түнді далада өткізді.
Бішкектегі жер сілкінісі туралы әлеуметтік желіде алғаш хабар таратқан көпқабатты үйлердің тұрғындары. Олар зілзаланы аспашамның қимылдауынан байқаған.
Алғашқы соққылардан кейін тұрғындардың көпшілігі жапа-тармағай далаға қашты. Үрейленген жұрт әлеуметтік желіге шыққан әр ақпаратты оқып, жіті қадағалады. Жерасты дүмпулері алдымен Қытай қалалары мен Алматыда болып, кейін Қырғызстанда тіркелген. Билік зілзаладан соң мәлімдеме жасады.
Бообек Әжікеев, Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрі:
- Құрметті Бішкек қаласы мен Қырғызстан Республикасының тұрғындары! Түнгі 00:30-да Қытай Халық Республикасының аумағында магнитудасы 7 балдық жер сілкінісі тіркелді. Зілзала Жеті-Өгіз, Ақсый және Тюп аудандары мен Бішкекте анық сезілді. Астанамыздағы дүмпулердің қуаты бес балға дейін жетті. Аталмыш аудандар мен Бішкекте ешкім зардап шеккен жоқ. Алаңдамай, сабыр сақтауды сұраймын!
Түн ортасында далада жүрген тұрғындарға жергілікті дүкендер иелері көмектесті. Минус 8 градус температурада ыстық шай мен печенье таратып, тұрғындарға қолдау көрсетті.
Алғашқы жер сілкінісінен шамамен бір жарым сағат өткен соң, тұрғындар үйлеріне орала бастады. Ақпарға қарағанда жер сілкінісі үш рет қайталанған. Апаттан ешкім зардап шекпеген.
Авторлары: Сымбат Молдатай, Бақыт Чермашев