Қытайда құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. LIVE
Қытайда болған жойқын жер сілкінісінен кейін құтқару, барлау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Елде пойыз қозғалысы тоқтап қалды. Мыңдаған жолаушылар қақаған аязда далада қалып, тұрғындар баспаналарын тастай қашуға мәжбүр болды.
Жер сілкінген аймақта тау көшкіні тіркелгені белгілі болды. Дүмпу салдарынан таудан тастар құлап Сумуташи қаласындағы жол учаскесін басып қалған. Оқиға эпицентрден 105 шақырым жерде тіркелді. Қазір құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Қазір Шыңжаң қарулы полиция корпусы төтенше жағдайларды жою механизмін іске қосты. Осыған сәйкес қарулы полиция 600-ден астам әскери қызметшіні жұмылдырылды. Олар үйінділерді аршып, құтқару операциясына кірісті.
Одан бөлек елдің солтүстік батысындағы Шыңжаң жақта залалды жою, құтқару, барлау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оған жүздеген техника, мыңдаған адам жұмылдырылған. Сондай-ақ, жергілікті қоғамдық қауіпсіздік бөлімдері жол учаскелерінде, көпірлерде және су өткізгіштерде құтқару және қауіпсіздік тексерулер жүргізіп жатыр. Бұл жәйден-жәй болмаса керек. Бұл жер сілкінісінің жойқын болғаны соншалық бірнеше мемлекеттің аумағына дейін жетті. Дей тұра түнде болған табиғи апат туралы Қытай билігі әлі де толық қанды ақпар таратпай отыр. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар бар. Оны құтқару барысында түсірілген жедел түсірілім кадрларынан байқауға болады. Қанша адам жараланып, қанша адам мерт болғаны туралы нақты ақпар жоқ. Қазір белгілі болғандай теміржолдар қирап, 27 бағыттағы пойыз тоқтаған. Таудан құлаған тастар жолдарды жауып көлік қозғалысы шектелді. Тұрғын үйлер мен қора-қопсылар жарамсыз болып қираған. Қабырғалары қақырап, жарылған. Жұрт қақаған аязда үйлерін тастай далаға қашуға мәжбүр болды. Адамдар қоғамдық және жедел жәрдем көліктерімен қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Кейбір баспанасыз қалған адамдар спорт залдар мен арнайы жылыну шатырларына орналастырылуда. Мемлекет апат болған аймаққа 8 тонна гуманитарлық көмек жіберіп, көрпе-төсек, жылы киім-кешек, пештер жөнелтіп жатыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Айта кету керек, жерасты дүмпуі Уши уезді аймағында 22 шақырым тереңдікте тіркелді. Эпицентрі Қытай мен Қырғызстан арасындағы Таулы шекара аймағында анықталды. Дәл сол аумақта Қытайдың бес ауылы орналасқан. Шыңжаң Жер сілкінісі агенттігінің мәліметі бойынша бастапқыда 7,1 бал болып сезілген. Кейін 5,3 балмен бірнеше рет қайталанған. Оның күші Үрімші, Қашғар сияқты ірі қалаларына дейін жеткен. Шалғайдағы шаһарлардың өзіне сезілгенде жер сілкінісі болған жерге жақын орналасқан 5 ауылдың жағдайын елестету қорқынышты. Қытай билігінен ресми ақпар күтеміз.