Өзбекстандағы жер сілкінісі. LIVE
Өзбекстанда 3-4 балдық жер сілкінісі болды.
Дүмпуді Ташкент ғана емес, елдің тағы бірқатар аймағы сезген. Жергілікті сейсмологиялық станция бұл деректі түнгі сағат 12-лер шамасында тіркеді.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Жерасты дүмпуінің орталығы Қытайдың Қырғызстанмен шекаралас аймағында болған. Қозғалыстың магнитудасы 7 балға дейін жетті. Өзбекстан төтенше жағдайлар министрлігінің республикалық сейсмо мониторинг орталығы зілзала ошағы Қырғызстан шекарасына жақын Қытайдың Ақсу округінде тіркелгенін мәлімдеді. Бұл аудан Ташкентпен 862 шақырымдай жерде орналасқан. Ел астанасында болған жер сілкісінісінің күші 3 балл, ал Андижан, Ферғана және Наманған облыстарында 4 балға жетті. Тұрғындарының сөзінше, жоғарғы қабаттардағы тербеліс 30-40 секундқа ұласқан. Төтенше жағдай қызметі зардап шеккендер туралы деректің тіркелмегенін жеткізді. Үйлер мен ғимараттарға зақым келмеген. Жалпы сейсмологтардың айтуынша, Ташкентте жерасты тербелістері жиі қайталанады. Көбін жұрт сезбей де қалады. Бірақ жылына 5-6 балдық қозғалыс болу ықтималдығы жоғары. Еске салайын, былтыр Наурыз айында жергілікті жұрт кешегі алматылықтар секілді үрейленіп, түн жарымда көшеге ағылған еді. Ол кездегі дүмпу 5 балдың шамасында болды. Тұрғындардың көбі түнімен далада жүріп немесе көлікке түнеген. Қазір халықтың бойында былтырғыдай үрей жоқ. Дегенмен, төтенше жағдай қызметі тұрғындарды түрлі жағдайға дайындап, қалай әрекет ету керектігін түсіндіріп жатыр. Әрі ғимараттардың сейсмо қатері тыңғылықты тексеріске алынған.