Британияда эпилепсияға қарсы дәрі жетіспей жатыр
Ұлыбританияда эпилепсияға қарсы дәрі жетіспей жатыр.
Біріккен Корольдікте 600 мыңнан астам адамның ұстамалы ауруы бар екен. Яғни Британиядағы 100 адамның біреуі эпилепсиядан зардап шегеді деген сөз. Сарапшылардың айтуынша, дәрі тапшылығы 3 апта бұрын ақырындап сезіле бастаған. Әзірге Британия билігі жетіспеушіліктің неден туындап отырғанын түсірдірмеді.
Ұлыбританияда қызылша өршіп тұр
Британияда медицинаға қатысты тағы бір мәселе - елде қызылша өршіп тұр. Осы сәтке дейін аталған ауруды жұқтырған 216 жағдай тіркелген. Көбі жасы 10-ға толмаған балалар дейді дәрігерлер. Осыған байланысты Британия үкіметі ата-аналарды балаларына қызылшаға қарсы екпе салдыруға міндеттеп жатыр. Екпенің 2 дозасы ұсынылған. Біріншісін бала 1 жасқа толғанда, екіншісін 3 жаста салу керек. Жалпы Британияда вакциналау қарқыны 85 пайызға дейін төмендеген. Мамандардың айтуынша, 16 жасқа дейінгі 3 миллион 400 мың балаға қызылша жұқтыру қаупі төніп тұр.
Еуропада коронавирусқа қарсы вакцина қабылдаудың арқасында 1 миллион 400 мың адам аман қалған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тірі жүргендердің 90 пайыздан астамы жасы 60-ты алқымдаған егде кісілер екенін анықтады. Зерттеу "кәрі құрлықтың" 34 елін қамтыған. Мамандар вакцинаны қабылдамағанда ковидтен көз жұмған еуропалықтардың қатары 2 есе көп болар еді, яғни 4 миллионнан асар еді дейді. Бірақ қауіп әлі де бар.
Мария Ван Керкхове, ДДСҰ эпидемиолог-инфекционисі:
«Біз босаңсып кеттік. Әлем бойынша ковидке қарсы вакциналау деңгейі төмен. Екпе алуға үндеу жарияланған сәттен бастап 5 жылдың ішінде ересек адамдардың 55 пайызы ғана вакцинаның 1 дозасын салдырған. Коронавирус әлемге әлі де қатер төндіріп тұр. Оның инфекциясы барлық елді кезіп жүр».
Әлемде безгекке қарсы вакцина алғаш рет Камерунда қолданыла бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын жер бетінде аталған індеттен 600 мың адам көз жұмады. Олардың 94 пайызы - Африка тұрғындары. Көбі 5 жасқа толмаған балалар. Екпе жасалып жатқан Камерунда безгек жұқтырған 3 миллионнан астам жағдай тіркелген.
Ассако Надеш, дәрігер:
«Халықпен жұмыс істеу қиын. Оларға жақсылық ойласаң, жамандыққа жориды. Кейбір адамдар вакцинаны қабылдаудан бас тартып жатыр. Сондағы сылтауы, бұл екпе туралы мүлде естіген емеспіз дейді. Біз жан-жақты ақпарат беруге тырысып жатырмыз. Нәтижесі де жоқ емес».
Безгекке қарсы бұл вакцинаны биыл 19 ел қабылдауға тиіс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екпені даярлауға бақандай 40 жыл жұмсаған. Былтыр Маңғыстау облысында Африкаға жұмыс сапарымен барып, безгек жұқтырып келген ер адам қайтыс болған еді. Сондықтан дәрігерлер тропикалық елдерге барғанда өте сақ болуға шақырады.