БҰҰ: Сирияда биыл аштық күшейеді
Сарапшылар: «10 жыл бұрын азық-түлік дағдарысы қатардағы мәселе болып есептелетін, қазір ол басты түйткілге айналды» дейді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазір әлемде 345 миллион адам аштық зардабын тартып жүр. Азық-түлікке мұқтаждықтың өсуіне не себеп?
Бұған негізгі 2 себеп бар. Біріншісі - климаттың өзгеруі, ауыл шаруашылығына жарамды жерлердің бүлінуі және түрлі табиғи апаттар. Екінші себеп - қарулы қақтығыстар.
13 жылға созылған соғыстан азап шеккен Сирияда биыл аштық күшейеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 2024 жылы бір тілім нанға мұқтаж тұрғындардың саны 13 миллионға жуықтауы мүмкін. Яғни халықтың жартысынан астамы аш болады деген сөз. Ел астанасы Дамаскіде тұратын көптеген отбасының бір кесек ет жемегеніне 2 жылдың жүзі болған. Нанның өзіне ұзын-сонар кезекте тұрып, әрең қол жеткізеді.
Мәруа, жергілікті тұрғын:
- Кейде мүлде тамақ таппай қатты қиналамыз. Бұрын жұмыртқаны менсінбейтін едік. Енді оның өзі бізге арман. 5 балам бар. Оларға протеин жетіспейді. Еттің дәмі қандай болатынын мүлде ұмытып қалдық.
Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі:
- Сирия халқына беріліп жатқан гуманитарлық көмек көлемі өте мардымсыз. Тиісті ақша түспей жатыр. Уәде етілген 160 миллион доллардың 30-ақ пайызын алдық. Қыс мезгілінде тым құрығанда 2 миллион сириялыққа қол ұшын созсақ деп едік.
Суданда 18 млн адамға аштық қаупі төнді
Суданда 10 айдан бері қақтығыс болып жатыр. Билікке таласқан 2 генералдың арасындағы жанжалдың кесірінен 12 мың адам ажал құшты. 8 миллионға жуығы босып кеткен. Біріккен Ұлттар Ұйымы 18 миллион тұрғынға аштық қаупі төніп тұрғанын айтады. Астық 200 пайызға қымбаттаған. Бұдан бөлек, жүгері өндіру көлемі 25, ал тары өндірісі 50 пайызға қысқарды.
Осман Мұхтар, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілі.
- Суданда гуманитарлық көмекке мұқтаж адамдар саны 25 миллионнан асады. Бұл әлемдегі ең ірі дағдарыс. Оған басты себеп - қарулы қақтығыс. Азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан келсек, 18 миллион адам шұғыл тамақ ішуі керек. Халықаралық қауымдастық тарапынан гуманитарлық көмек жеткізуге еш мүмкіндік жоқ. Қарулы топтар шабуыл жасап, қызметкерлерді өлтіруі ықтимал.
Қызыл теңіздегі қақтығыс салдары
Қазір әлемдік геосаясаттағы ең үлкен қақтығыс ошағы Қызыл теңіз болып тұр. Йеменнің көп бөлігін басып алған хуситтер жүк кемелерін өткен жылдың қарашасынан бері атқылап келеді. Олардың мақсаты - Газа секторын талқандап жатқан Израильдің одақтастарына қысым жасау. Бірақ бұдан ғаламдық экономика, оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласы зиян шегуде. Қызыл теңіз арқылы жаһандық сауданың 12 пайызы өтеді. Бұл шамамен жылына 1 триллион доллар кіріс. Еуропа Азия мен Парсы шығанағы елдерінен шикізат пен түрлі тауарлардың 15 пайызын осы Қызыл теңіз арқылы тасымалдайды. Халықаралық "Кеплер" зерттеу ұйымы 1 миллион 600 мың тонна астық тоқтап қалғанын айтады. Діттеген жеріне жете алмай, орта жолда кедергіге тап болған өнімдердің арасында Үндістанның күріші, АҚШ-тың бидайы, Еуропаның ұны, Нидерландтың сүті мен Австралияның рапс тұқымы бар.
Үндістан
Сачин Чатурверди, сарапшы:
- Үндістан Еуропаға апаратын тауардың 80 пайызын Қызыл теңіз арқылы тасымалдайды. Бұл айына 18 миллиард доллар шығын деген сөз. Мұның зардабын 18 ел тартып отыр.
Амалы құрыған компаниялар Африканы айналып өтуге мәжбүр. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының өсуіне себеп болуда. Өйткені тасымал құны 70 пайызға дейін қымбаттаған.
Испания
Еугенио Лопес, экономист:
- Қызыл теңіздегі қақтығыс Азиядан Еуропаға баратын барлық кемеНІҢ жүріс-тұрысына бөгет болып отыр. Әдетте тауар Қызыл теңіз бен Суэц каналы арқылы төте жолмен 18 мың шақырым жүріп, 25 күнде жететін. Енді бағдар Африкадағы Ізгі үміт мүйісіне ауысты. Ол жақтағы қашықтық 7 мың шақырымға ұзарып, артық 10 күн қосылды.
Жақында Давос форумы өткені белгілі. Сонда Дүниежүзілік банк бәрін жарылқап жатырмыз деп есеп берді. Қаржы ұйымы 2022 жылдың мамырынан бері жаһанда азық-түлік дағдарысымен күреске 45 миллиард доллар бөлгенін мәлімдеді. Бұл ақша 335 миллион адамның мұқтаждығын өтеу үшін 90 елге берілген. Оның 2 миллиард 750 миллион доллары Африкаға бағытталған. Бірақ қыруар қаражат аштан бұратылған мұқтаж жандарға тиісті деңгейде жеткізілмей жатқан сияқты.