Лондонда TopIQ.KZ платформасының таныстырылымы өтті

«Алматыкітап баспасы» Лондонда жыл сайын өтетін «Bett Show 2024» дүниежүзілік цифрлық технологиялар көрмесіне қатысып, алғашқы отандық TopIQ.KZ кейзет электрондық оқулықтар платформасын таныстырды.

Шара көрермендері қатарында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлері болды.

Баспаның Bett Show-ға қатысуына Global EdTech Startups Awards байқауында жеңіске жетуі себепші болды. «Алматыкітаптың» IT жобасы өткен жылы Азия және Шығыс Еуропа елдерінен қатысқан 147 елдің арасында жүлделі екінші орынды иемденген болатын. Бұл жетістік көрмеде қазақстандық білім беру платформасын таныстыруға зор мүмкіндік беріп отыр.

Анеля Баталова, «Алматыкітап баспасының» өкілі:

- Бірінші кезекте біз Қазақстанның қаншалықты дамыған мемлекет екенін, мұғалімдерімізге, студенттерімізге қандай деңгейде қамқорлық жасай алатындығымызды көрсеткіміз келді. Сондай-ақ, біз кіммен ынтымақтастық орната алатындығымызды зерделедік.

Стендті көруге Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ  Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов келіп, онлайн платформамен танысты. Стартапқа шетелдік сарапшылар да жоғары баға берді.

Рафал Лью-Старович, EDTECH Польша компаниясының вице-президенті:

- Мен қазақстандық компанияның көрмесін тамашалағаныма өте қуаныштымын. Біз Польша мен Қазақстан арасында білім беру технологиялары саласында тығыз ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отырмыз.

«Алматыкітап баспасының»  көрмеге қатысудағы мақсаты - TopIQ.kz қазақстандық цифрлық платформасын насихаттау. Оның барлық құрылғылар үшін бірыңғай веб-интерфейсі бар, қолдануға оңай, мобильді қосымшасы да қолжетімді. Цифрлық оқулықтар мектеп оқушыларын ауыр сөмке тасымай, ақпаратты онлайн көруге көмектеседі.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы