Әлемде қыс, Испанияда 28 градус аптап
Қыс ортасындағы жаз. Испанияда температура 28 градусқа дейін жетті.
Көршілес Португалияда да осындай жағдай. Енді қос мемлекетте қуаңшылық мәселесі ушығып барады. Сондықтан билік суды тұтынуды шектеді. Күннің ыстығына тұрғындар мәз болғанымен мамандар бұл климаттың өзгеруінің көрінісі екенін ескертеді. Осы жаһандық жылыну кесірінен Австралияның Квинсленд штатынының бір бөлігінде дауыл ойран салса, басқа аудандарының тұрғындары 40 градустық аптап ыстыққа дайындалып жатыр.
2023 адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болды. Мамандар биыл одан да ыстық бола ма деп алаңдаулы. Еуропадағы қазіргі ахуал сол болжамдарды растап отырғандай. Жыл басынан бері Испанияда аномальды ауа райы тіркелді. Қыс ортасында елдің бірқатар өңірінде күн ысып, ауа температурасы плюс 28 градусқа дейін көтерілген. Бұған мәз болған тұрғындар суға шомылып көңіл көтеруде. Мамандар болса бұл қуанатындай жағдай емес дейді. Өйткені бірнеше жылдан бері Пиреней түбегін қуаңшылық жайлап, ахуал ушыққан. Құрғақшылықтан әсіресе Каталония аймағы көп зардап шегіп отыр. Өңір билігі ауызсу пайдалануды шектеуге мәжбүр. Тіршілік нәрін үнемдеу үшін түрлі шаралар қолға алынып жатыр.
Португалияда қуаңшылықтан су тұтыну шектелді
Испаниямен көршілес Португалияда қазір күн ыстық. Елдің орталық аудандарында осы аптада сынап бағанасы 24 градусқа дейін көтеріледі деген болжам бар. Бұл мемлекетте де қуаңшылық жиілеп, су қорына кері әсерін тигізе бастаған. Сондықтан елдің оңтүстігіндегі Алгарве өңірінде шаруалар егіс алқаптарын суаруды азайтуға мәжбүр. Аймақтағы қала тұрғындары да суды үнемдеуге көшті. Қонақ үйлер мен гольф алаңдарына тіршілік нәрін тұтынуды 15 пайызға азайту міндеттелген.
Жапонияда қалың қар жауды
Ал Жапонияда қалың қар жауды. Кей жерлерде оның қалыңдығы жарты метрге дейін жетеді. Қолайсыз ауа райынан тас жолда бірнеше шақырымға созылған кептеліс пайда болған. 800-ден астам көлік тұрып қалған. Жолда қалып қойған бірнеше адам ауруханаға жеткізілді. Күннің суытуы Исикава префектурасындағы жер сілкінісінен кейінгі іздестіру-құтқару жұмыстарын қиындатып отыр. Өңірде 1 қаңтарда қатты зілзала болған. Ондаған адам әлі табылмады. 3 апта өтсе де мыңдаған тұрғын жарық пен сусыз отыр.
Австралияда дауылдан 64 мың тұрғын жарықсыз қалды
Австралияда 64 мың тұрғын жарықсыз қалды. Оған Киррили тропикалық дауылы себеп. Елдің солтүстік-шығысындағы Квинсленд штатында қатты жел соғып, нөсер толастамай тұр. Ал штаттың өзге аудандарында ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Өйткені синоптиктер алдағы аптада күн қатты ысып, ауа температурасы 40 градусқа жетеді деп болжап отыр. Бұл қаңтар айындағы орташа көрсеткіштен 10 градусқа жоғары.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева