БҰҰ палестиналық босқындар жөніндегі агенттігі жанжалға ілікті
Бірқатар мемлекет БҰҰ-ның палестиналық босқындар жөніндегі Таяу Шығыс агенттігін қаржыландыруды уақытша тоқтатты.
Өйткені ұйым қызметкерлері Израильге жасалған шабуылға қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Әңгіме 7 қазанда болған ХАМАС өкілдерінің шабуылы жайлы. Израиль билігінің мәлімдеуінше, ұйым мүшелері палестиналық қозғалысқа көмектесіп, сол үшін ақша алып отырған. Іске қатысты 12 адам күдікке ілініп, бірнешеуі қызметінен босатылған. Тергеу жүріп жатыр. Сондықтан ол аяқталғанша АҚШ, Ұлыбритания, Австралия қаржы бөлуді уақытша тоқтатты.
Айта кетейік, бұл ұйым 1949 жылы құрылған. Ол Таяу Шығыстағы палестиналықтарға гуманитарлық және медициналық көмек көрсетумен айналысады.