Әлемнің 122 мемлекетінде жемқорлық белең алған
Әлемнің 180 елі бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейін өлшейтін арнайы индекс бар.
Бұл – Халықаралық Transparency International ұйымы.
Ұйымның бағалауынша, әлемнің 122 мемлекетінде жемқорлық белең алған екен. Тек 58 мемлекет қана коррупциямен күресіп келеді.
Жемқорлықты жеңген ел жоқ. Дегенмен параны азайтып, істі заң аясында шешуге дағдыланғандар бар. Дарақылықты доғарған қай елдер?
Жемқорлықсыз қоғам
Сингапурде 1965 жылдары сыбайлас жемқорлықтың белең алғаны сонша, ол адамдардың өмір сүру салтына сіңген еді. Ал қазір бұл ел парасыз қоғам қалыптастырған ел ретінде әлемде үздіктер қатарында. Кедей елден қуатты елге айналудың құпиясы – жемқорлықпен күрес. Алайда Сингапурге тән осы беделге нұқсан келетін түрі бар. 40 жылдан кейін алыс-беріс тағы қайталанды. Елдің бұрынғы Көлік министрі ақша жымқырды деген күдікпен ұсталды. Тергеу жұмыстарының нәтижесінде экс-министр отставкаға кететін болды. Алайда шенеунік өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр.
Субраманиам Исваран, Сингапурдың Көлік экс-министрі:
- Сыбайлас жемқорлық бойынша тергеу бюросы маған түрлі құқықбұзушылықтар жөнінде айыптаулар тақты. Бірақ мен оны қабылдамаймын. Өз атымды қалай да ақтап алуға күш саламын.
Жемқорлықпен күресудің тың тәсілі
Жемқорлықпен күрес тек заң аясында жүреді деуге болмайды. Мәселен, Қытайда мемлекеттік мекемелерде парақорлықпен күресу үшін медитация, қытайлық тыныс гимнастикасы, шығыс жекпе-жектеріне негізделген арнайы жаттығулар өткізіледі. Халық арасында бұл жаттығулар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тай-цзи» аталып кеткен. Шенеуніктер тренинг барысында өздерінен «Маған 15 мың доллар пара берсе, алар ма едім? Ал егер 1,5 миллион доллар ұсынса ше? Бұл әрекетім үшін жазаға тартылуға әзірмін бе? Маған өлім жазасы тағайындалса ше?» деген сауалдарға жауап береді. Бір қызығы, 2007 жылы бұл елде қалың бұқараға арналған «Сатылмайтын батыр» онлайн ойыны пайда болды. Ойын барысында қатысушылар парақор шенеуніктермен ғана емес, олардың туыстарымен де күреседі.
Шакил Ахмад Рамай, Азия зерттеу және эко-дамыту орталығының атқарушы директоры:
- Гүлденген қоғам құру қай мемлекет болмасын маңызды. Сондықтан күрделі мәселелерді барынша жеңіл жолмен шешу маңызды. Тиімді жолдарын табу керек деп ойлаймын.
Шығыстағы көршіміз Қытайда кəсіпкердің жеке меншігіне кез келген қол сұғушылық – ауыр қылмыс. 2000 жылдан бері Қытайда жемқорлық үшін айыпталған 10 мыңға жуық шенеунік өлім жазасына кесілген. Сарапшылардың айтуынша, жыл сайын бұл елде 45 мың шенеунік пен 20 мың құқық қорғау органының қызметкерлері бас бостандығынан айырылады.
Жаһан және жемқорлық
Жемқорлықтан жиренген 58 мемлекеттің алғашқы ондығын Дания бастап тұр. Сондай-ақ тізімде Финляндия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Сингапур, Швеция, Швейцария, Нидерланд, Германия, Ирландия бар. Бұл шек 58-орындағы Маврикиймен аяқталады.
Әрі қарай Венесуэладан бастап жемқорлық көп тараған елдер басталады. Көрсеткіш көңіл көніштпейді. Тұрмысы төмен, үнемі қақтығыс алаңындағы елдерді жемқорлық жайлауы үйреншікті жайт болғанымен, өркениетті елдерде пара берсе, ала беретіндер санының азаймай тұрғаны – алаңдатарлық жайт.