Бір реттік вейптер сатылмайды

Вейппен күресті күшейткен елдердің қатарына Ұлыбритания да қосылды.

Корольдікте бір реттік электронды темекі енді сатылмайды. Британия билігі  халықтың әсіресе, жастардың денсаулығына алаңдаулы. Бастаманы сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 70 пайызы қолдаған. Жақында Австралияда да тиісті заң күшіне енді. Өзімізде де жуырда Мәжіліс тиісті заң жобасын мақұлдады.

Ұлыбританияда жыл сайын шылым шегуден 64 мың адам көз жұмады. Тағы 75 мыңы ай сайын медициналық көмекке жүгінеді. Темекі шегу денсаулық сақтау саласына ауыртпалық салып қана қоймай, экономикалық жағынан да тиімсіз. Никотиннен бас тарту арқылы корольдік жылына 17 милилард стерлинг фунтын үнемдеуші еді. Міне, осыған байланысы үкімет бір реттік электронды темекіге тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Билік әсіресе жастар жағына алаңдаулы. Өйткені кейінгі 2 жылда вейптерді қолданатын жасөспірімдер саны 9 есе өскен. Балалар олардың түрлі-түсті қаптамаларына қызығып жатады. Сондықтан жаңа талап бойынша, көп реттік вейп өндірушілер ондай қаптамадан бас тартуы керек. Дәмі тәтті хош иістендіргіштердің қолданылуы шектеледі. Ал дүкендер тауарды көрінетін жерге қоймауы тиіс. Бастама экологиялық жағынан да тиімді. Бір ғана Ұлыбританияда апта сайын 5 миллион вейп қоқысқа тасталады екен. Жаңа заң не биыл жыл соңында не келер жылдың басында күшіне енуі тиіс.

Риши Сунак, Ұлыбритания Премьер-министрі:

- Мен ата-аналармен де, мұғалімдермен де сөйлестім. Бастаманы барлығы да құптайды. Мұны әлеуметтік сауалнама нәтижелері де көрсетіп отыр. Өйткені вейпті қолданатын бала көп. Сорақысы сол, олардың саны жыл сайын артып барады. Сондықтан бір реттік вейптерді тұтынуға тыйым саламыз. Ал көп реттік электронды шылымның дәмі мен қаптамасына қатысты шектеу енгіземіз. Дүкендерге де жаңа талап қойылады. Ережеге бағынбағандармен күрес күшейеді. Мұның бәрі ұлт болашағы үшін жасалып отыр.

Вейппен күрес: Әлемдік тәжірибе

Кәрі құрлықтағы өзге елдердің билігі де осындай бастаманы көтеріп отыр. Тіпті Еуроодақ деңгейінде тыйым салу керек деген ойлар айтылуда. Десе де ең қатаң шара қабылдаған мемлекеттер - Австралия мен Жаңа Зеландия. Австралияда 1-қаңтардан бастап бір реттік электронды темекі сатылмайды.  Оны елге импорттауға болмайды. Алдағы 3 жыл ішінде темекі өнімдеріне салынатын салық 5 пайызға өседі. Өйткені мұнда да шылымға әуес бала көп. Бұл тіпті орта мектептегі ең маңызды мәселеге айналған. Көрші Жаңа Зеландияда былтыр жаздан бері жеткіншектерге бір реттік вейптер сатылмайды. Өйткені мектеп жасындағы әрбір бесінші бала оны күніне бір рет тұтынатын болып шықты. Дәрігерлер келешекте бұл тіс, тыныс алу және онкологиялық аурулардың көбеюіне әкеп соқтырады дейді. Сондықтан мектептен 300 метр қашықтықта орналасқан дүкендерде тауардың бұл түрі болмауы тиіс. Жарнама жағы да шектеледі. Вейптен бөлек елде 2009 жылдан кейін дүниеге келген тұрғындарға темекі де сатылмайды.

Рюдигер Креч, ДДСҰ өкілі:

- Әлемде 1 миллиард 250 миллион адам шылым шегеді. Бұл оның алдындағы 2 жылмен салыстырғанда, 19 миллионға аз. Ол қуанарлық жағдай. Бірақ кейінгі кезде электронды темекіні қолданушылар санының артуы бізді алаңдатады. Оның әсіресе жастар арасындағы танымалдығы артып барады. Вейпті тұтынуға тыйым салған елдер бар. Біз олардың бастамасын қолдаймыз. Өзге мемлекеттер де үлгі алып, оны пайдалану жағын заңмен реттесе екен дейміз. Әсіресе Еуропадағы жағдай күрделі. Мұнда электронды темекі шегетін әйел көп.

Вейптің денсаулыққа әсері

Бізде де бірер күн бұрын мәжілісте вейптерді елге кіргізуге, өндіруге және сатуға тыйым салу туралы заң мақұлданды. Өйткені жастар арасында әуес жандар көп. 2022-жылы Қазақстанда 11 мен 15 жас аралығындағы әрбір оныншы жеткіншек электронды темекі қолданған екен. Вейптердің пайда болғанына көп уақыт өтпеді. Сол себепті олардың пайдасы мен зиянына қатысты медициналық тексерулер де аз. Десе де мамандар бір реттік электронды темекі көбі ойлағандай, қауіпсіз емес дейді. Оның құрамында тәуелділік тудыратын никотин барын айтады. «Драгуотч» ұйымының зерттеуі көрсетіп отырғандай, пайдаланушылардың шамамен жартысы жөтел, демікпе және жүрек қағысының жиілуіне шағымдануда. Оның үстіне экологтар вейптердің қоршаған ортаны ластауына қатысты да алаңдаулы.