БҰҰ палестиналық босқындар жөніндегі агенттігіне қатысты жанжал ушығып барады
Ірі халықаралық жанжал ушығып барады. Бірер күн бұрын БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі Таяу Шығыстағы агенттік қызметкерлері ХАМАС қозғалысына көмектесіп, Израильге шабуыл жасауға қатысты деген ақпар пайда болған еді. Енді мекемені қаржыландырып отырған елдер бірінен соң бірі ақша бөлуді тоқтатып жатыр.
Қаржыландырудан бас тарту Газа секторындағы онсыз да мәз емес жағдайды одан бетер ушықтырып жіберетін болды. Бұған өзге халықаралық ұйымдар не дейді?
Олар да шешімнің дұрыс емес екенін айтады. Алайда донор мемлекеттер «агенттікке күрделі өзгерістер керек, тек сонда ғана ақша бөлуді жалғастырамыз» дейді.
БҰҰ агенттігіне қатысты жанжал
Израильдің барлау қызметі елге 7 қазанда жасалған шабуылға қатысты жаңа деректерді жария етті. Онда ХАМАС қозғалысы ұйымдастырған әрекетке БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі Таяу Шығыс агенттігінің қызметкерлерінің қатысқанын дәлелдейтін айғақтар келтірілген. Осыдан кейін агенттік басшылығы бірнеше адамды қызметінен босатты. Қазір тәуелсіз тексеру жүріп жатыр. Жалпы бұл ұйым 1949 жылы Араб-Израиль соғысынан кейін құрылған. Газа секторы, Иордан өзенінің батыс жағалауы, Ливия, Сирия мен Иорданиядағы палестиналық босқындарға жәрдемдеседі. Оларға әлеуметтік, білім беру, медициналық, гуманитарлық көмек көрсетеді. Агенттік штатында 13 мың адам бар.
Эйлон Леви, Израиль үкіметінің ресми өкілі:
- Агенттіктің кемі 13 қызметкері 7 қазандағы шабуылға қатысқан. Бірнешеуі қарулы қақтығыс кезінде Израиль аумағына өткен. Тағы бірнешеуі Израиль азаматтарын ұрлауға қатысқан. Аман қалған куәгерлер оларды ұйымға мүше қызметкердің үйінде тұтқында ұстап отырғанын жария етті. Сонда агенттікке бөлінген ақша ХАМАС өкілдерінің қалтасына кетіп отырған деген күдік пайда болады.
Ұйымды кім қаржыландырады?
Агенттіктің бюджеті БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ерікті түрдегі жарналары есебінен құрылады. Солардың ішіндегі ең ірі доноры – АҚШ. Мысалы, 2022 жылы америкалықтар 344 миллион доллар бөлген. Екінші орында Германия. Агентіктің жылдық бюджетінің жартысын осы екі ел қамтамасыз етіп отыр. Жанжалдан кейін біраз мемтекет қаржыландыруды уақытша тоқтатты. Солардың қатарында АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Ұлыбритания, Канада, Австралия бар. Палестина өкілдері мұның қате шешім екенін айтып отыр.
Агенттіктің ірі донорлары
1. АҚШ - $343,9 млн
2. Германия - $202,1 млн
3. Еуроодақ - $114,2 млн
4. Швеция - $61 млн
5. Норвегия - $34,2 млн
6. Жапония - $30,2 млн
7. Франция - $28,9 млн
8. Сауд Арабиясы - $27 млн
9. Швейцария - $25,5 млн
10. Түркия - $25,2 млн
Мұхаммад Штайе, Палестина ұлттық әкімшілігінің премьер-министрі:
- Тәуелсіз тексеру нәтижелерін күтуіміз керек. Сондықтан кейбір елдердің қаржыландыруды уақытша тоқтату бастамасына таңғалып отырмыз. Шешімді ұйым бюджетінің 70%-ін қамтамасыз етіп отырған елдер қабылдады. Бұл жығылғанға жұдырық болды. Өйткені қазір палестиналық босқындар онсыз да қиын жағдайда қалып отыр.
Халықаралық ұйымдар алаңдаулы
Бұл шешімді халықаралық ұйымдар да құптамай отыр. БҰҰ-ның Бас хатшысы агенттікті қаржыландыратын елдердің өкілдерімен кездесу өткізіп, оларды шешімінен бас тартуға шақырды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның басшылығы да мұның соңы Газа секторында жаппай аштық пен инфекциялық аурулардың өршуіне әкеп соқтыратынын ескертті.
Кристиан Линдмайер, ДДСҰ өкілі:
- Газа секторындағы уақытша баспаналар мен медициналық орталықтар осы агенттік арқылы жұмыс істейді. Сондықтан қазіргідей қиын жағдайда палестиналықтар көмекке мұқтаж болып жатқанда донор елдердің қаржыландыруды тоқтатуы дұрыс емес. Мұның бәрі керісінше ахуалды ушықтырып жібереді.
Бірақ әзірге қаржыландыру тоқтатқан елдер алған бетінен қайтар емес. Мысалы, агенттіктің ең ірі доноры – АҚШ өкілдері «ұйымда күрделі өзгеріс болу керек, тек сол кезде ғана ақша бөлуді қалпына келтіруіміз мүмкін» дейді. Ал Газа секторындағы жағдай күннен күнге ушығып барады. БҰҰ-ның өкілдері тұрғындардың 25%-і аштықта өмір сүріп жатқанын хабарлайды.