Еуропада үйсіздер саны күрт артты
Еуроодақта баспанасыздар саны күрт артты.
Қазір мұнда 900 мың адам далада түнеуге мәжбүр. Оған қымбатшылық себеп. 2010-жылдан бері көп елде үйдің бағасы екі есе өскен. Бұл әсіресе Эстония, Латвия, Литва, Венгрия, Чехия, Люксембург пен Австрияда қатты сезілуде. Ирландияда үй-күйсіз жүргендердің саны рекордтық межеге жеткен. Былтыр Еуроодақта орташа жалақы 6 пайызға өсті. Бірақ оның пайдасы шамалы дейді мамандар. Өйткені бұл инфляцияға төтеп беру үшін жеткіліксіз.
Ұлыбританияда 300 мың отбасы үй-күйсіз жүр не баспанасыз қалу қаупі төніп тұр. Солардың үштен бірі балалы жанұялар. Билік оларға көмектесу үшін түрлі бағдарламалар қарастырған. Алайда қаржы тапшы. Бір ғана Лондонның өзінде мәселені шешу үшн 500 миллион стерлинг фунты жетпейді. Баспанасыздар саны бойынша Манчестер бірінші орында. Қаланың әрбір сексенінші тұрғынының тұрақты мекен жайы жоқ.
Марк, Манчестер қаласының тұрғыны:
«Түнде қатты суық. Далада ұйықтау қиын. Күн сайын таңертең жылынып алу үшін ерте тұрып, жаяу жүремін. Нөсер жауғанда дүкеннің алдындағы шатырдың астында жатамын».
АҚШ-та да баспанасыз адам көп. Былтыр олардың саны 12 пайызға артқан. Мұның бірнеше себебі бар. Пандемия кезінде табысынан айырылған тұрғындар үкіметтен жәрдемақы алатын. Қазір ондай төлемдер жоқ. Оған инфляцияны қосыңыз. Салдарынан қазір АҚШ-та шатырлы қалашықтар көбейді. Бұл тұрғындар үшін ыңғайсыз. Өйткені олар кешкі уақытта көшеде жүруден қорқады. Салдарынан дүкен иелері де келушілер санының азаюынан шығынға батып жатыр. Баспанасыздар қатарының көбеюіне көші-қон мәселесі де әсер етті. Өйткені елге келген мигрант көп. Олар да статистикаға еніп отыр.
Фернандо Фернандес, Колумбиядан келген мигрант:
"Колумбияда қылмыстық топ көп. Олар бізден ақша жинайтын. Төлемесеңіз, жақындарыңызды өлтіріп кетеді. Олар анамның үйін атқылады. Сондықтан біз елден кетіп, АҚШ-қа келдік. Кез келген жерде тұруға дайынбыз. Жатақхана болсын, басқа орын болсын. Ең бастысы жұмыс істеп, анам мен қыздарымды асырай алсам болғаны."
Бірақ мигранттар елге келе салып бірден жұмысқа тұра алмайды. Алдымен рұқсат алу керек. Ал бұған бір жылдай уақыт кетеді. Сөйтіп, АҚШ-қа арман қуып келген жандар уақытша орталықтарды паналайды. Ал Нью-Йорк секілді ірі шаһарларда оларды жайғастыратын орын тапшы. Бұл да баспана мәселесін ушықтырып отырған фактордың бірі.