Құрғақшылық әлемнің бірқатар еліне қауіп төндіріп тұр
Колумбияда қуаңшылық кесірінен ауыл, оның ішінде мал шаруашылығы тығырыққа тірелді.
Ал қолайсыз күн райына байланысты тіпті Испанияның солтүстік-шығысында төтенше жағдай жариялануы мүмкін.
Колумбия астанасы БоготАның оңтүстігіндегі су қоймасының 65 пайызы бос. Шаруалар егістіктің қурап қалғанын, малдың жұтқа ұшырағанын айтады. Теріскейдегі бір өзен біржола құрғап, жергілікті халықты негізгі күнкөрісі - балықтан айырды.
Испанияда төтенше жағдай жариялануы мүмкін
Қуаңшылық зардабын Испанияның Каталония аймағы да тартып отыр. Бұл өңірде 6 миллион халық тұрады. Су қоймаларының 84 пайызы босап қалған. Сарапшылар "мұндай төмен көрсеткіш бұрын-соңды тіркелмеген еді" дейді. Билік су тапшылығы бірнеше айға созылады деп ескертті. Қоймадағы су деңгейінің таяздығына байланысты, тіршілік көзі ішуге жарамсыз болып қалған.
Джоан Торрент, зейнеткер:
- Мынадай ауыр жағдайда бау-бақшаны суара алмай қалдық деп шағымданудың өзі артық болар. Өйткені адамдардың өзіне тіршілік көзі жетпей жатыр. Халықты жаппай үнемдеуге үйрету керек. Әйтпесе ысырап қылып жүрген санасыздар әлі де жетіп-артылады.
Марк Минос, кәсіпкер:
- Су тапшылығынан жеке адамдар ғана емес, үлкен бизнес нысандары да қатты зардап шегіп отыр. Судың керек емес саласы жоқ. Мейрамхана кәсібінде тамақ пісіру, ыдыс-аяқ жуу үшін ауадай қажет.
Қазір бір тұрғын күніне орташа есеппен 116 литр су тұтынады. Төтенше жағдай жарияланса, егістік үшін судың тек 80, мал шаруашылығы үшін 50, ал өндіріс мақсатында 25 пайызын пайдалануға рұқсат етіледі. Испаниядағы кейінгі 3 жылда жауын-шашын көлемі күрт азайды. Ғалымдар мұның себебін ғаламдық жылынудан іздеу керек дейді.
Авторы: Ернат Рахметолла