Ұлыбритания билігі кофеге арналған салық енгізбек

Қоқыстың 60%-ін қайта өңдеуге болады.

Тек оның да түр-түрі бар. Мәселен, Чилидегі Пасха аралында электронды қалдықтар өңделеді. 

Ал Данияда бір рет қана қолданылатын қағаз тостағандар үшін «депозит жүйе» пайда болған. Ол қандай жүйе?

Иә, осы даниялықтар секілді кофе сатып алып-ақ экологияға өз үлесіңізді қоса аласыз.

Осылай, әлем елдері қалдықсыз қоғам құруда тың әдіс тәсілдерді жүзеге асырып жатыр. Нәтижесі қандай?

Қалдықсыз қоғам   

Кофеханаға халық көп баратынын білетін кәсіпкерлер бірреттік тостағанның орнына бірнеше рет пайдалануға жарамды ыдыстарға көшті. Әрі бұл арнайы жүйе, яғни депозит ретінде жүреді. Мәселен, бір шыныаяқ кофенің бағасына қосып, кепілге 70 цент, яғни бұл біздің теңгеге шаққанда 300 теңге төлеу керек. Егер қолданған ыдысты кері өткізсе, ол ақша бірден жеке шотқа қайтарылады. Қазір Данияның бірнеше қаласында көше бойына осындай 25 құрылғы қойылған. Егер тұрғындар жобаны қолдап жатса, билік бастаманы дамытуға ниетті.

Джо Хугард, кәсіпкер:

- Өзім тұратын көшеден өткен сайын қоқыс жәшіктерінің кофе ыдыстарының қалдықтарына толып тұрғанын көремін. Оларды өзіміз өндіріп, өзіміз халыққа ұсынатын болғандықтан, қатты қынжылдым. Сосын қоршаған ортаға залал келтірмей, әрі адамдарға тиімді болатындай етіп, осы жобаны ұсынған едім. Нәтиже жаман емес.

Британдықтар бір жылда кофе ішкеннен кейін 2,5 миллиардтан астам қағаз ыдысты қоқысқа тастайды. Бұл – шамамен 30 мың тонна. Ал оның тек 4-тен бірі ғана қайта өңделеді. Себебі кофе ыдыстары қатты картон мен полиэтилен қоспасынан жасалғандықтан, оны бір-бірінен бөліп алу қиын. Сондықтан бұл ыдыс түрлері қағаз немесе целлюлоза комбинаттарында қайта өңдеуге қабылданбайды. Сондықтан Ұлыбритания билігі алдағы 5 жылдықта «латтеге арналған салық» енгізуді көздеп отыр.

Бірікккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша 2019 жылы бүкіл әлемде электронды және электротехникалық өнім қалдығының көлемі 53,6 миллион тоннаға жеткен. Оның көп бөлігі АҚШ-та. Екінші орында – Қытай, одан кейін Жапония, Германия және Үндістан бар. Сарапшылар бұл көрсеткіш, 2030 жылға қарай 74,7 миллион тоннаға дейін артуы мүмкін дейді.

 

Электрондық қалдықты қайта өңдеу

Соның 9 мың тоннасын Чиллидегі Пасха аралының тұрғындары жинап қойды. Жергілікті билік халыққа сынған смартфондары мен ескірген планшеттерін өткізуді өтінген. Өйткені арал туристік орын болғандықтан, шаһар тазалығы маңызды. Жарамсыз гаджеттерді сұрыптауды кәсіпорындар мойнына алып отыр. Олар жүк кемесімен Вальпараисо қаласына жөнелтіліп, сондағы зауытта қайта өңделеді.  

Махия Пиру Понсе, Пасха аралының тұрғыны:

- Біз үшін бұл бастама өте маңызды, өйткені біздің арал көрікті жерлерге толы. Мұнда келетін саяхатшылар саны да жыл сайын артып келеді. Тек туристік қала болғандықтан емес, қоршаған ортаға әр адам зиян келтірмеуге тиіс.

 

Полиэтилен қапшықтың зияны

Дүниежүзінде жылына триллион тоннаға жуық полиэтилен қапшық өндіріледі. Оларды қайта өңдеу мүмкін емес. Өйткені өздігінен шірімейді, өртесе, зиянды заттар бөлінеді. Жеп-жеңіл, жұп-жұқа болғандықтан, оларды бірден жел ұшырып әкетеді. Сөйтіп, адам аяғы баспаған құла түз бен ит тұмсығы батпайтын ну ормандардың өзі де соңғы уақытта қатты ластанып жатыр. Сондықтан полиэтилен қапшықтардан бас тарту шаралары қазір дүниежүзі бойынша қарқынды түрде жүріп жатыр. Мәселен, Ирландия, Германия, Оңтүстік Африка мемлекеттерінде, тұтынушы комапнияларға салық салынады.  

Ал АҚШ билігі биыл  полиэтилен өнім пайдалануды қысқартпақ. Нью-Джерси штатындағы 500-ге жуық сауда үйі қағаз қап қолдануды құптап отыр. Соның нәтижесінде бір жылда тұтыну көлемі 6 миллиард данаға азаюы мүмкін. Ел билігі осылайша адам денсаулығы мен табиғатқа келер залалды азайтпақ.

Эколог мамандардың есебінше, әрб тұрғын тым болмағанда бір жаңа қапшықты пайдаланудан бас тартса, ауаға жайылатын зиянды заттардың көлемі жылына 11 мың тоннаға азаяды екен.