Қытайда сиырлар клондалды
Қытай ғалымдары сирек тұқымды, жойылып кету қаупі төнген сиырды алғаш рет сәтті клондады, деп хабарлайды 24KZ.
Тәжірибе жасушаның ядролық тасымалдау технологиясы арқылы жасалды.
Осының арқасында стратегиялық мүйізді ірі қара тұқымын 8 басқа көбейткен.
Бірегей тәжірибе Юньян қаласында жүргізілді. Клондауға түскен сиыр тұқымы «Чжанму» және «Апейцзяз» деп аталады. Мүйізді ірі қараның бұл түрі қарлы таулы үстіртте тіршілік етеді. Суыққа төзімді. Еті мол, әрі сүтті келеді. Зерттеушілер алдымен қан үлгілерін жинап, геномның толық реттілігін түзіп шықты. Тың тәсілді қолдану арқылы мал басын жедел сақтауды жүзеге асырды.
Юй Давэй, Қытай ауылшаруашылық ғылымдары академиясының ғылыми қызметкері:
- Біз сиырдың құлақ тіндерін жинап, фибробласт жасушаларын түздік. Оларды зертханаға жеткізіп, соматикалық жасуша ядросын тасымалдау технологиясы арқылы клондалған эмбриондар дайындалды. Әбден жетілген соң эмбриондарды суррогат сиырларға трансплантацияладық. Буаз сиырлар 24 сағат біздің бақылауымызда болды. Нәтижесі жаман емес.
Зеңгі баба түлігінің осы екі түріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Сақтап қалу мақсатында 2022 жылы елде арнайы құтқару операциясы басталған. Бұл жауапкершілік Қытайдың Ауыл шаруашылығы және ауылдар ісі жөніндегі министрлігі мен Ұлттық мал шаруашылығы станциясына жүктелген.
Юй Давэй, Қытай ауылшаруашылық ғылымдары академиясының ғылыми қызметкері:
- Бұл – әлем бойынша Сизан сиырларына жасалған ең алғашқы клондау. Зерттеу жұмыстары әлі де жалғасады. Енді жасуша ядросын тасымалдау технологиясы мен дәстүрлі технологияны біріктіру жоспарда. Осы арқылы клондаудың генетикалық ресурстарды қорғап қана қоймай, оны пайдалану жүйесін құру көзделіп отыр.
Мал мен құстың генетикалық ресурстары ұлттық санағының ресми мәліметінше, бүгінгі күні чжанмудан тек 19, апэйцзяз сиырынан 39 тұяқ қалыпты. Ал аталығынан тек бір ғана бас қалған. Жойылып кетуге шақ тұрған жануарларды сақтап қалу үшін мемлекеттік деңгейде күш салынып жатыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын.