Түрік әйелдері енді күйеуінің тегіне өтуге міндетті емес
Түркиядағы әйелдер бұдан былай некеге тұрғанда жұбайының тегін алуға міндетті емес, деп хабарлайды 24KZ.
Шешім осы аптада ресми күшіне енді.
Түркияда тұрмыс құрған кез келген әйел бүгінге дейін күйеуінің тегіне автоматты түрде өтетін. Бұл талап ел конституциясында нақты көрсетілген. Бірнеше жыл бұрын заңға өзгеріс еніп, түрік әйелдері ерімен бірге өз тегін де қоса жаздырып алып жүретін болды. Енді бұл заңға да өзгеріс еніп отыр. Оған сәйкес бұдан былай түркиялық келіншектер өз тегінде қалуына құқылы.
Рейхан Челеби, тұрғын:
- Өте орынды шешім. Мәселен, ажырасқан әйелді ойлаңыз. Ол бүкіл құжаттарын ауыстыруға міндетті еді. Қоғамда да ажырасқаны осылай білініп жататын. Әрине, ешкім ажырасамын деп үйленбейді. ХХІ ғасырдамыз. Бұл теңдікке сай шешім болды.
Севинч Йылмаз, тұрғын:
- Қолдаймын. Отау құру – ол тек ер азаматтың емес, әйелдің де міндеті. Ал мәжбүрлеу – біржақты құқықты шектеу. Үйлену текті ауыстыру емес. Ол – ортақ шешім. Ортақ сезім.
Әйелдерге енді тұрмыс құрғаннан соң өз тегін қоса алып жүру үшін өтініш жазу талап етілмейді. Өзінің тегін сақтап қалам десе өз еркі.
Кенжетай Әліп, заңгер:
- Бүгін, міне, 1934 жылы қабылданған заңға түбегейлі өзгеріс енді. Әйел мен ер кісінің теңдігі тұрғысынан кеш те болса, дұрыс қабылданған шешім болды. Бұған дейін таңдау болмайтын. Қаласаң да, қаламасаң да, күйеуіңнің тегін алатынсың. Әйелге қос фамилияны қолдану ыңғайсыз. Мәселен, Түркияда қос есімді адамдар көп. Оған қос текті қосыңыз. Айшегүл-Айнұр Дилекши-Юртсевен деу де ыңғайсыз. Ер кісілерде мұндай проблема жоқ.
Бұрынғы заң талаптарын теңдікке қайшы деп тапқан конституциялық сот оның күшін жойды. Енді әйел қай текті қабылдаймын десе де ерік өзінде. Ал бұл өзгерісті патриархалды түрік қоғамы қалай қабылдайды, ол уақыт еншісінде.
Авторы: Меруерт Қанағат.