Энергетика саласындағы жаңа келісім
Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан су-энергетикалық саладағы ынтымақтастығын жалғастырады.
Соған сай үшжақты келісімдерді уақытылы әрі тиісті деңгейде орындауға екпін жасалып отыр. Ташкентте Орталық Азия елдерінің құзырлы ведомство жетекшілері кездесіп, осындай мәміле жасасты. Еліміз атынан ресми делегацияны Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев бастап барды.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Жыл сайын ақпан айында кездесетін үш елдің энергетика министрлері бірінші кезекте су саласындағы мәселелерді қаузайды. Себебі вегетациялық кезеңде Сырдың төменгі ағысына барынша мол тіршілік нәрін жіберу міндеті тұр. Бұл жоспарды тек «Тоқтағұл» қоймасы орындай алады. Қырғыз тарапы оның жұмыс режимін Қазақстан мен Өзбекстанның маусымдық қажеттілігіне сай реттеп отыр. Есесіне айыр қалпақты ағайынға электр қуатының тұрақты тасымалы мен транзиті қамтамасыз етілген. Қазір қазақстандық мамандар халықаралық келісімдердің талапқа сай орындалып жатқанын айтады.
Нұржан Керімқұлов, «KEGOC» АҚ басқарушы директоры:
- Былтыр Қазақстан қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында Қырғызстанға жеткізуі тиіс болған электр энергиясының жоспарын 108 пайызға орындады. Міндеттемеге сай, еліміз қырғыз тарапына қыркүйектен сәуірдің соңына дейін 1,5 млрд кВт/сағ электр энергиясын жеткізуі керек. Бүгінде қыркүйек-қаңтар аралығында межелі көлемнің 96 пайызын қамтып үлгердік. Енді ақпан-наурызда жетіспей қалған 4 пайыз бөлігін жабуды көздеп отырмыз.
Үшжақты кездесуде су қоймаларының қазіргі ахуалы да сараланды. Қырғыз тарапы «Тоқтағұлда» тіршілік нәрі қалыпты нормада екенін атап өтті. Болжамға сай көктем және жаз айларында дарияға мол су жіберілуге тиіс. Биыл елімізден Қырғызстанға қанша киловатт электр энергиясының жеткізілетіні де белгілі болды. Жаңа келісім бойынша көрсеткіш 1,6 млрдты құрамақ.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Басқосу барысында күзгі-қысқы кезеңдердегі энергетикалық жүйелерге түсетін жоғары жүктеме, жаңа су электр станцияларын салу, Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерін дамыту мәселелері талқыланды. Оның нәтижесі бойынша бірнеше маңызды шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, апатты жағдайлар туындай қалғанда өзара ынтымақтастықа көмек көрсету және ол үшін резервтік көздерді жасақтау тетіктері пысықталды.
Энергетика саласындағы ынтымақтастық су және электр қуатын алмасумен ғана шектеліп қалмайды. Бұл жолғы жиынға Қырғызстанның энергетика министрі Бішкектегі апатқа байланысты қатыса алмады. Сондықтан тараптар көп ұзамай тағы бір мәрте бас қосып, жаңа су электр станцияларын салу тақырыбын қозғайтын болады.
Авторы: Рауан Мыңбаев