10 елде білікті маман жетіспейді

Елде маман тапшылығы өсе бермек.

Жалпы бұл – біздің елде ғана емес, әлемде басты мәселе. Әлем бойынша білікті маман тапшылығы 77%-ке жеткен. 10 жыл бұрын ғана бұл көрсеткіш 35% еді. Яғни, жұмыс бар, бірақ оны істейтін білікті кадр жоқ.

Зерттеулерге сүйенсек, 2030 жылға қарай кадр жетіспеушілігі 85 миллионнан аспақ. Бұл қазіргі Германия халқына тең. Маман жетіспегендіктен, ғаламдық нарықта жыл сайын 8,5 триллион доллар игерілмей қалады. Білікті маман тапшылығына не себеп?

Сарапшылар бірінші кезекте маман жетіспеушілігін заманға әкеп тірейді. Адамдар түрленген немесе жаңадан пайда болған мамандықтарды игеріп үлгермей жатыр. Басқа да себептер бар.

Білікті маман ең тапшы елдер

Халықаралық Insider Monkey зерттеу орталығы әлемдегі білікті маман ең көп жетіспейтін 10 елді анықтады. Тізімде Жапония көш бастап тұр.

Күншығыс еліндегі тапшылық – 85%. Жапонияда технология, білім беру және медицина саласында қызметкер аз. Одан кейінгі Грекия, Германия мен Израильдегі көрсеткіш бірдей. Эллада еліне әсіресе туризм, құрылыс және ауыл шаруашылығы қызметкерлері қажет. Ресми Афина биыл 30 мың заңсыз мигранттың құжатын тіркеп, түрлі салаға жұмысқа алмақшы. Еуропаның ең қуатты экономикасы – Германиядағы компаниялардың жартысы білікті  маманға мұқтаж. Неміс елінде қазір 1 миллион 800 мың білікті маманның орны бос тұр. Португалияға 58 мың қызметкер қажет.

Сарапшылар осы 5 елді зерттегенде білікті маман тапшылығының ең бір үлкен себебі халықтың қартаюында екенін анықтады. Жапонияның 30%, Грекия мен Португалияның 23%, Германияның 22%, ал Израильдің 12%-і – қария. Бұған еңбек етуге жасы толмаған жеткіншектерді қосыңыз. Жұмысқа жарамды жастардың көбі жаңа мамандықты игеруге құлықсыз.

 

Заманына қарай маманы

Әлемде алдағы 5 жылда ең жоғары сұранысқа ие болатын 10 кәсіптің біріншісі – жасанды интеллект маманы. 2025 жылға қарай осы мамандық иесін қажет ететін 12 миллион жұмыс орны пайда болады. Тұрақты даму мамандығы. Бұлар – компанияларды, бизнесті, нарықты дамытатын мамандар. Одан кейін бизнесті талдайтын және ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар жоғары сұранысқа ие. Қаржы технологиясын игерген инженердің орны алтыннан бағалы болмақ.

Үздік ондыққа енген бұл мамандықтардың жетеуі тікелей цифрлық технологиямен байланысты. Диджитал деректермен жұмыс істей алатын адамдардың шоқтығы биік, әрине, сонысына қарай қалтасы да қалың болмақ.

 

АҚШ-қа жарты миллион құрылысшы қажет

Алпауыт АҚШ-та биылдың өзінде 500 мың құрылысшы қажет. Ал алдағы 5 жылда денсаулық сақтау саласына 3 миллион 200 мың маман тапшы болмақ. 2030 жылға қарай Американың өндірістік қуаты бәсеңдеуі мүмкін. Өйткені бұл салаға 2 миллион 100 мың білікті адам жетіспейді. Былтыр АҚШ-та 30 миллион тұрғын жұмысынан кеткен.

 

4 күндік жұмыс күнін сыналып жатыр

Германия 4 күндік жұмыс күнін енгізбек. Осылайша, неміс үкіметін маман тапшылығын шешуді көздейді. 1 ақпаннан бастап 4 күндік жұмыс күнін 45 компания сынақтан өткізіп жатыр. Сағаты қысқарғанымен, қызметкерлердің жалақысы бұрынғы қалпында толық сақталады. Кейінгі жылдары еңбек күші жетіспегендіктен, Германияның өндірістік қуаты төмендеген.

Бір жағынан, Германияда адамдар жиі ауыратын болған. Былтыр қызметкерлердің еңбекке жарамсыздық демалысын алуына байланысты неміс экономикасындағы жалпы кіріс 28 миллиард долларға кеміген.