Еуропада фермерлер көтерілісі басылмай тұр
Еуропада фермерлер толқуы жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ереуілшілер «агро салаға қолдау жоқ, импортқа шектеу көп, бюрократиялық жүйе де жүйелі жұмыс жасауға кедергі келтіріп тұр» деп өкпелі. Францияда басталған митинг Италия, Бельгия, Нидерланд пен Германияда жалғасты. Наразы топтың қатарына грек фермерлері қосылды.
Әу баста шаруалар Францияда бас көтерді. Оған елдің агросектор саласындағы дағдарысы түрткі болды. Табысы төмендеген диқандар экологиялық талаптардың көбеюі мен импорттың арзандауына наразы.
Бенуа Лаке, шаруа:
- Бізді ереже мен бақылаулар әбден мезі етті. Өйткені шаруаларға талап тым көбейіп кетті. Малдың көңін залалсыздандыратын кезең бар. Қазір – шаруаның нағыз қызған шағы. Алайда жауын-шашын мол түскендіктен, біз бұл жұмыстарды жасай алмай отырмыз. Өйткені құбылмалы ауа райы кезінде залалсыздандыруға тыйым салынған.
Тракторымен жолды бөгеп, тұтас Еуропаны шулатқан француз шаруаларының жанайқайынан соң жаңадан тағайындалған премьер-министр Габриэль Атталь мәселені шешудің жолын ұсынды. Үкімет басшысының пікірі көңілге қонып, шаруалар бөгеттерді ала бастады.
Габриэль Атталь, Франция премьер-министрі:
- Шаруалардың төмен табыс мәселесін шешу үшін мемлекет бюджетінен 400 млн еуро қаражат бөліп, шұғыл шара қабылдауға уәде беремін.
Грекияда да шаруалар шеруге шығып жатыр. Мұнда фермерлер өндіріс шығындары үшін өтемақы талап етіп отыр.
Гиоргиос Дубиотис, шаруа:
- Қазір бізді алаңдататыны – өндіріске кеткен шығын. Соңғы рет 2010 жылы наразылыққа шыққанымызда да осы мәселені көтердік. Бірақ бізді ешкім қолдамады, керісінше, жағдай ушығып кетті.
Басқа Еуропа елдерінде де шаруалар бірнеше аптадан бері шерулетіп жатыр. Германияда диқандар үкіметтің ауылшаруашылық дизеліне салық жеңілдіктерін кезең-кезеңімен алып тастау жоспарына наразы. Ал бельгиялық фермерлер Еуроодақты ауылшаруашылық саясатын қатаңдатты деп айыптап отыр.
Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрағасы:
- Фермерлердің әкімшілік қысым көретіні мені қатты алаңдатады. Сол себепті шаруалар Еуроодақтың қолдауына толық сенім білдіре алады. Сондай-ақ біздің сауда келіссөздерімізде фермерлердің заңды мүдделерін қорғау қарастырылған.
Саяси күрес алаңына айналған шаруалар шеруі кей елдерде тыныштала бастады. Оағн жергілікті биліктің фермерлердің талабын орындауға келісуі себеп. Бірақ шаруалар үкімет берген уәделерінде тұрмаса, наразылықты жалғастырамыз деп ескертіп отыр.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.