Парижде автотұрақ құны артады
Франция астанасында көлік құралдарына қатысты қалалық референдум өтті.
Шаһар халқының талқысына шығарылған мәселе джип типтес көліктердің тарифтік құнын арттыру болды. Өйткені мұндай автокөліктер Париж ауасын басты ластаушы құралдың бірі саналады.
Рефрендумға биліктің шаһар жұртымен көп уақыттан бері талқылап келе жатқан жол талғамайтын көліктерге қатысты мәселе шығарылды. Тұрғындар дауыс беру учаскелеріне барып «джип типтес көліктер үшін бөлек тұрақ тарифі қажет пе?» деген сауалға жауап берді. Онда бұл темір тұлпарларға тұрақ ақысын 3 есе көбейту ұсынылған.
Рафаэль, қала тұрғыны:
- Бүгін бәріміз белсенді дауыс берудеміз. Өйткені джип сияқты үлкен көліктердің тұрақта көп орын алатыны белгілі. Кей кездері осындай көлік жүргізушілерінің әрекетінен жолда кептелістер туындап, велосипедшілер мен жаяу жүргіншілер де жапа шегіп жататынын көріп жүрміз. Париж тұрғындарының шаһар жолдарында мұндай алып көліктердің болмағанын қалайтындай себептер жеткілікті.
Нәтиже бойынша көлемді көлікке қарсылық танытқандар ең көп дауыспен жеңіске жетті. Енді қыркүйек айынан бастап жаңа тұрақ тарифі қолданысқа енеді. Оған сай мұндай темір тұлпарлардың иелері тұрақ үшін біздің ақшамен есептегенде сағатына 6-9 мың теңге төлейтін болады. Ұзақ тұрған сайын ақы арта түседі. Ал бір орында 6 сағат бойы аялдаса 100 мың теңгеcінен қағылады.
Филипп, қала тұрғыны:
- Мен бұл ұсынысқа қарсы дауыс бердім. Өйткені бізге қойылатын талап онсыз да көп. Салықтық төлемдеріміз тағы бар. Сағатына 18 еуро дегеніңіз сұмдық қой. Төлем жасауды ұмытып кеткен жағдайда айыппұл көлемі қанша болатынын ойлай беріңіз.
Жаңа ереже Париждегі 170 мың автокөліктің тағдырын шешкелі тұр. Бұл қаладағы барлық темір тұлпардың шамамен 15 пайызына тең. Ал шаһар билігі жаңа тәртіп адамдардың джип пен кроссоверлерін жеңіл автокөлікке айырбастап, қала ауасының тазарауына септігін тигізеді деп үміттенеді.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Әлия Сыздықова