Жастар арасындағы жұмыссыздық
Қытайда жастар арасындағы ең өзекті мәселенің бәрі - жұмыссыздық.
Еңбек нарығындағы бұл түйткіл көрші елдегі демографиялық дағдарысты одан бетер ушықтырып жібере ме деген қауіп бар. Еуропада да жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар көбейген. Мәселе, әсіресе, Испанияда өткір тұр.
ЕуроОдақ бойынша Испанияда жұмыссыз жүрген жас көп. Қазір Пиреней түбегінде еңбекке қабілетті жастардың 17 пайыздан астамы жұмыссыз. Сарапшылар бұған университеттегі оқу бағдарламаларының нарықтағы қазіргі заманғы талапқа сай келмеуі себеп дейді. Осының салдарынан түлектердің біліктілігі төмен болып, компаниялар оларды қызметке алмайды. Ал жергілікті жұмыс берушілер штаттағы адамдар үшін ірі көлемде салық төлеуге міндетті. Сондықтан біліксіз маманды ұстап отыру тиімсіз.
Жұмыссыздық демографияға әсер етеді
Азия бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі Қытайда жоғары. Мұнда көрсеткіш 15 пайыз шамасында. Жұыссыздар саны әсіресе кейінгі жылдары күрт көбейген. Оған коронавирус пандемиясы әсер еткен. Өйткені көрші елдегі қатаң шектеу шараларынан кейін студенттердің тағылымдамадан өтуі қиындаған. Жоғары оқу орындарының түлектері көбіне қызмет көрсету саласында жұмыс істегісі келеді. Бірақ онда байқау жоғары. Ал маман тапшылығы өткір сезілетін өндіріс салаларына жастардың барғысы жоқ. Тұрақты табыс көзі болмағасын жастар жағы отбасын құрып, балалы болуға асықпайды. Ал бұл елдегі онсыз да күрделі демографиялық дағдарысты ушықтыруда. Сарапшылар мұның бәрі ірі экономикалық дағдарысқа ұласуы мүмкін деп отыр.
Сарапшылардың болжамы
Халықаралық еңбек ұйымы биыл әлемде жұмыссыздық деңгейі алдағы уақытта тіпті арта түсуі мүмкін деп отыр. Болжамға қарағанда осы жылы әлемде тағы 2 миллион адам жұмыссыз отырғандардың қатарына қосылуы ықтимал. Әсіресе мамандар жастар арасында жұмыссыздық көрсеткішінің жоғары болуы алаңдаулы. Дерекке сүенсек қазір әлемде жастардың 13 пайызы екі қолға бір күрек таппай жүр. Оған экономикалық қиындықтар себеп. Бұдан бөлек жасанды интеллект тарапынан төнген қауіп те күшейе түскен. Сарапшылардың пайымынша келешекте технология дүниежүзі елдеріндегі жұмыс орындарының 40 процентіне әсер етуі мүмкін.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева