Түркия жер сілкінісінің құрбандарын еске алды
Түркияда 6 ақпан - табиғи апаттар құрбандарын еске алу күні.
Былтыр дәл осы күні қуаты 500 атом бомбасына тең жер сілкінісі болып, 53 мың адамның өмірін қиған еді.
Бауырлас ел, оны «ғасыр апаты» деп атады. Қалалар мен ауылдар жермен жексен болды.
Содан бері 1 жыл өтті. Сол 1 жылдан кейін апат аймағында қандай өзгерістер болды?
Былтыр Газиантептен ақпарат таратып едіңіз. Қандай өзгерістерді көрдіңіз?
Меруерт Қанағат, тілші:
- Тікелейге Газиантеп қаласынан шығып тұрмын.
.Қазір жергілікті уақыт таңғы 06. Осыдан екі сағат бұрын зілзала ошағы Кахраманмарашта 65 секундқа жалғасқан жойқын жер сілкінісінің болғанына бір жыл толды. Тап қазір дала қараңғы. Барлығын көріп үлгерген жоқпын. Десе де құрылыс жұмыстары қарқынды жүргенге ұқсайды. Жаңадан салынған үйлер бой көтерген. Мен дәл қазір былтырғы біздің құтқарушыларымыздың күн түн демей, інемен қазғандай үйінді ішінен 7 адамның өмірін сақтап қалған Айше Мехмет Полат тұрғын үй кешенінің дәл алдында тұрмын. Естеріңізге болар былтыр осы жерде қанша күн күзетте болып, тікелей эфирде хабар таратқан едік. Өкінішке орай, зілзала кезінде 6 блоктан тұратын тұрғын үй кешенінің 4еуі құлап, 134 кісінің өмірін қиды. Ал, сау қалған 2 блок та қатты зақым алғандықтан бұзылыпты. Үйдің жан- жағы үйінділерден тазартылған. Сол жағымда шатырларда осы тұрғын үй кешенін аман қалғандар және туыстары жиналған. Бір жыл бұрын бақилық болған жақындарын еске алып, құран оқып отыр. Осында келген қалың жұрт жергілікті уақытпен сағат 04.17 минутында үнсіздік жариялап, апатта көз жұмғандарға құрмет көрсетті. Атмосфера өте ауыр, әрине. Көпшіліктің тарқағаны жаңа ғана. Бір күнде 9 сағат арадан соң 7,7 және 7,6 баллдық жер сілкінісі 14 миллион азаматтың тұрмысына әсер етті. 53 мың 537 адам қаза тапты. Тағы 107 мың 213 адам зардап шекті. Шығын көлемі 104 миллиард доллар болды. Жермен жексен болған немесе тұруға жарамсыз деп табылған үйлердің қирандылары 91% тазартылды. 441 мыңнан астам кісінің меншік құқығы анықталды. Ел президенті бір жылдың ішінде жаңа үйлердің құрылысы аяқталады деп сендірген болатын. Және ол сөзінде тұрды. Зардап шеккендерге баспана кілттері берілді.
Али Йерликая, Ішкі істер министрі:
- Жер сілкінісінен зардап шеккендерге алдымен заңды түрде өтініш беру мерзімі берілді. 11 провинцияны, 124 ауданды және 6 929 ауданды қамтитын меншік құқығын анықтау үрдісі 211 күнде аяқталды. 845 мың 371 өтініш бағаланды. Ал барлық процестер аяқталғаннан кейін барлығы 441 мың 567 бенефициар анықталды, Оның ішінде 389 мың тұрғын үй, 40 мың 658 жұмыс орны және 11 мың 531 қора. Провинцияларда, аудандарда және ауылдық жерлерде барлығы 250 мың тәуелсіз бөлімдер тендер жарияланды. Жаңа тендерлер өткізуді жалғастырудамыз.
Апат кезінде 200 мыңнан астам адам тартылды. Олар тәулік бойы жұмыс істеді. Әлемнің 90 елінен арнайы құтқарушы жасақтары үйінді астынан адамдардың құтқару үшін өмір мен өлім арасында күресті. Солардың арасында өзіміздің отандық құтқарушыларымыз да болды. 101 кісілік Қазақстандық құтқарушылар жергілікті тұрғындардың үрейіне үміт сылайды. Қаншама кісінің өмірін араша алып қалды. Айта кеткен жөн, былтыр қараша айында Астанадағы Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті аясында мемлекет басшылары бірқатар құжатқа қол қойды. Соның ішінде 6 ақпан Табиғи апаттар құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Бүгін апаттық өңірде орта білім беру орындарында бір күндік демалыс жарияланды. Мұндағы тұрғындары апат құрбандары еске алып, бұрынғы үйлеріне жақындарының қабірлеріне зиярат етеді.