Калифорнияда су тасқынынан 800 мың үй жарықсыз қалды

Әлем елдері ауа райының қолайсыздығынан зардап шегіп отыр.

Американың солтүстігін су басып жатса, оңтүстігінде ормандар жанып жатыр. Адам шығыны мен жапа шеккендер саны күннен-күнге артып барады.

АҚШ-тың Калифорния штатында бір аптадан бері дауыл басылмай тұр. Электр желілері үзіліп, 800 мыңнан астам үй жарықсыз қалды. Әсіресе табиғат апатынан Сан-Франциско қаласы мен бірнеше елдімекен зардап шекті. Көшелерді су басып, ағаштар құлап, шатырлар ұшып біраз шығын келген. Синоптиктердің айтуынша, желдің екпіні сағатына 157 шақырым, ал таулы аймақтарда 80 шақырымға дейін жеткен. Қазір Оңтүстік Калифорния тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Мұндай қолайсыз ауа райы Сан-Францискода соңғы рет 2015 жылы болып, шаһарға көп залал келген.

АҚШ-та дауылдан төтенше жағдай жарияланды 

Дәл осындай дүлей дауыл Лос-Анджелесте де соқты. Соның салдарынан миллиондаған тұрғын жарықсыз отыр. Голливуд Хиллс пен Беверли-Хиллз аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Қазір тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Скриппс институтының мәліметі бойынша, былтыр қыстан бері АҚШ-тың батыс жағалауында 46 өзен арнасынан асып, соның 9-ы алапат су тасқынына ұласқан.

Чилиде орман өрті ырық бермей тұр

Чилиде өткен аптадан бері Вальпараисо аймағында тілсіз жау ырық бермей тұр. Өрт 122 адамның өмірін жалмады. Осыған байланысты елде аза тұту күні жарияланды. Жалпы өңірде 165 өрт ошағы тіркелген. Оған аптап ыстық себеп. Ауа температурасы 30 градустан асады. Оның үстіне билік от қасақана қойылған болуы мүмкін дейді. Соңғы мәлімет бойынша, жалыннан 40 мыңнан астам адам жапа шеккен. Олардың арасында саяхатшылар көп. Қазір аймақта төтенше жағдай жарияланды. Кей аудандарда дала госпитальдері құрылып, дәрігерлер зардап шеккендерге көмек көрсетуде. Билік бұл Чили тарихындағы ең алапат орман өрті дейді.

Аргентинада қорықтағы орман өртке оранды

Аргентинада ормандар жанып жатыр. Лаулаған жалын Науэль Хуапи ұлттық саябағында 3 мың гектардан астам жерді күлге айналдырған. Елдің солтүстігіндегі туристік Барилоче мекені маңына жақын жерлердегі ғимараттар жанып кетті. Өртті сөндіруге жел көп кедергі келтіріп тұр. Бұдан бөлек өңірдің шалғайда орналасуы қиындық туғызып жатыр. Өрт сөндірушілердің айтуынша бұл ауданға тек Нахуэль-Хуапи көлі арқылы немесе үш-төрт күндік өткел арқылы ғана жетуге болады екен.

Фариза Жанғанаева