Грузия премьерінің отставкасына не себеп?

Әлем елдерінде де түрлі жағдайға байланысты үкіметтің ауысуы жиі болатыны бәріне аян.

Мысалы, өткен айда Францияда мигранттарға қатысты жаңа заң жобасын ұсынып, жұрт наразылығына тап болған премьер-министр Элизабет Борн қызметінен кетті. Жапонияда да қазіргі үкімет басшысы Фумио Кисида өкілеттігінің аяқталуын күтпей-ақ отставкаға кетуі мүмкін. Себебі саясаткердің партиясы төңірегінде жанжал туындаған.

Беделі төмен премьер-министр

Францияның саяси өмірі үшін 2024 жыл премьер-министрдің отставкасынан басталды. 8 қаңтарда үкіметті екі жылдай басқарған ел тарихындағы екінші әйел премьер-министр Элизабет Борн қызметінен кететінін жария етті. Саясаткер тұсында бірқатар даулы заң жобасы қабылданды. Әсіресе зейнетке шығу жасын 62-ден 64-ке дейін ұлғайту туралы бастама жаппай ереуілдерге себеп болды. Ол үшін премьер-министр тіпті парламентті айналып өту мүмкіндігін де пайдаланған. Ал мигранттарды депортациялауды жеңілдетіп, олардың жәрдемақы алуын қиындататын заң қоғамды екіге бөлді. Бұл саясаткердің беделін түсіріп, көп ұзамай оған сенімсіздік вотумын жариялауға әкелді. Сөйтіп, Элизабет Борнды 34 жастағы Білім беру министрі Габриэль Атталь алмастырды. Сол кездегі сауаланама нәтижелеріне сүйенсек, тұрғындардың 66%-і оның қызметінен кеткенін қалайтынн жеткізген. 

 

Грузия премьерінің отставкасына не себеп? 

Бірнеше күн бұрын Грузияның премьер-министрі де отставкаға кететінін мәлімдеді. Ираклий Гарибашвили бұл орында 3 жыл отырған. Беделді саясаткердің мұндай шешім қабылдауына «Грузин арманы – демократиялық Грузия» басқарушы партиясының төрағасы болу туралы ұсыныс ықпал етті. Мәселен, Гарибашвили сол партияның биыл көктемде өтетін парламент сайлауына бастап барып, жеңіске жетуді мақсат етіп отыр. Жалпы Грузияда премьер-министрден кейін бірден бүкіл үкімет отставкаға кетеді. Сөйтіп, басқарушы партия жаңа үміткерді ұсынады, ал ол министрлер кабинетін өзі жасақтап, парламенттің қарауына жібереді.

 

Премьер партиясына қатысты жанжал

Сарапшылар биыл Жапония премьер-министрінінің де қызметінен кететінін пайымдап отыр. Негізі оның өкілеттігі қыркүйекте аяқталуы тиіс. Бірақ Фумио Кисида оған жеткізбей-ақ отставка туралы жариялауы мүмкін деген болжам бар. Өйткені жақында оның төрағалық ететін Либерал-демократиялық партиясына қатысты ірі жанжал шықты. Парламенттегі осы партия өкілдері түрлі іс-шарадан саяси қорларға түскен ақшаның бір бөлігін ресми құжаттарда көрсетпей келген. Осыдан кейін жапон жұрты алдындағы премьер-министрдің беделі төмендеп, үкімет басшысының саясатына сын көбейген. 

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.