Түркияда зілзаладан кейін сапалы үйлер бой көтерді

Былтыр дәл осы күні Түркияда жер сілкініп, салдарынан 50 мыңнан астам адам қаза болды.

Бұл Түрік тарихындағы алапат зілзала ретінде тіркелді. Аймақтарда әлі күнге дейін жер дүмпуі сезіледі. Бір жылда 57 мың рет тіркелген. Апат болған аймаққа біздің тілшіміз Меруерт Қанағат арнайы барып, халықтың тұрмыс тіршілігін көріп қайтты.

Түркияда жойқын жер сілкінісінен қираған ғимараттар саны 441 мыңға жуықтайды. Жалпы табиғи апаттан келген шығын көлемі – 104 миллиард доллар. Ел президенті зардап шеккендерге бір жылдың ішінде жаңа үйлердің құрылысы аяқталады деп сендірген болатын. Жаңа қонысқа көшіп жатқандардың көңілі шат. 

Меруерт Қанағат, тілші:

- Мен қазір апаттан қатты зардап шеккен аудандардың бірінде тұрмын. Газиантептің Ислахие деген ауданы. Бұл жер жермен-жексен болған. Бір жылдың ішінде осындай жаңа үйлер бой көтерді. Жалпы 70 блоктан тұратын тұрғын үй кешенінде 1115 пәтер бар. 4 қабатты үйлердің құрылысы 7 айда аяқталған. Құрылысшылардың айтуынша тасты жерге ғимараттарды салу оңай болмапты.

Жаңа үйлер зілзаладан 44 күн өткеннен кейін Газиантепке қарасты Белпынар елді мекені тұрғындарына берілген. Пәтер кілттері жеребе арқылы табысталып жатыр. Алдағы екі айда 75 мың, ал жыл соңына дейін 200 үйдің тұрғыны меншік иесі атанады.

Энвер Седат Сав, құрылыс компаниясының өкілі:

- Тұрғын үй тастың үстіне тұрғызылды. Жерді қазу қиынға соқты. Арнайы рұқсат алып, динамитпен жардық. Түпкі мақсат – мықты әрі сапалы жасау. Бұл ғимараттар 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады. Әрине, зілзаланың уақыт аралығы да маңызды. Тұрғын үй кешенінде тұрғындардың бар жағдайын жасауға бар күшімізді салдық. Азаматтарымызға жиһазы мен қажетті заттарын әпердік. Күн панелін де орнаттық.

Тас түскен жеріне ауыр. Зілзаладан зардап шеккендер үшін 6 ақпан – қаралы күн. 11 өңірде 53 мың адамның өмірі қиылды. Бүгін марқұмдардың туыстары зират басына келіп, құран бағыштады.

Ибрахим Гөебакан, Газиантеп қаласының тұрғыны:

- Бұл жерде 87 жерлесіміз жерленген. Арасында достарым бар. Төрткүл дүниеден көмек келді. Апатқа дейін қайырымдылықпен айналысқан едім. Жер сілкінгеннен кейін сол көмекке өзім мұқтаж болып қалдым. Бір бөлке нанды 8 кісі бөліп жедік. Үкімет пәтер берді. Бірақ мен бас тарттым. Пәтерде тұруға қорқып қалдым. Қазір жер үй салып жатырмын.

Абдуллах Кахраманлы, Газиантеп қаласының тұрғыны:

- Бұл зиратта қаладағы әрбір тұрғынының жақыны бар. Зілзаладан кейін 365 күннің қалай зымырап өткенін байқаған жоқпыз. Әрқайсымызда бір қорқыныш пайда болды. Мәселен, кеше түнде көлікте қондық. Бір жылдан бері үйді жалға алып жүрміз. Жуырда үкіметтің тұрғын үйі бізге бұйырды.  Көшуді күтіп жүрміз.

Айта кеткен жөн, былтыр қараша айында Астанадағы Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті аясында мемлекет басшылары бірқатар құжатқа қол қойды. Соның ішінде 6 ақпан Табиғи апаттар құрбандарын еске алу күні болып бекітілді.