ЮНИСЕФ: Аш жүрген бала көп
Биыл Суданда 700 мың бала аштық азабын тартуы мүмкін.
ЮНИСЕФ өкілдері осылай деп дабыл қағып отыр. Шығыс Африкадағы бұл елде былтыр сәуірден бері қарулы қақтығыс жалғасып келеді. Салдарынан мұнда гуманитарлық дағдарыс туындады. Тойып тамақ ішпей жүргендер көп. Медициналық мекемелердің дені бүлінген. Сондықтан науқастар қажетті ем қабылдай алмай әлек. 47 миллионға жуық тұрғынның жартысынан астамы гуманитарлық көмекке зәру. Бір жарым миллионы үй-жайын тастап, көрші елдерге бас сауғалаған.
Джеймс Элдер, ЮНИСЕФ өкілі:
- Биыл тек балалардың өзіне көмекке 840 миллион доллар керек. Бірақ қажетті сома жиналмай қала ма деп қорқамыз. Өйткені былтыр халықаралық қауымдастықтан түскен ақша көмекке жетпеген. Биыл ондай жағдай қайталанбаса екен.