Бір күнде 100-ден астам палестиналық қаза тапты

Газа секторындағы Рафах қаласында Израиль шабуылынан 1 күнде жүзден астам палестиналық ажал құшты.

Йемендегі хуситтер Қызыл теңізде америкалық кемеге шабуыл жасады. Филиппинде лай көшкінінен көз жұмғандар қатары 55 адамға жетті. Ал Дубайды су басып жатыр.

Жүзден астам палестиналық қаза тапты

Израиль әскері тағы да Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласы мен маңайын бомбалады. Шабуылдан жүзден астам адам қаза тапты. Тағы жүздеген әйел мен бала жараланған. Бұл туралы Палестина ақпарат құралдарына сілтеме жасап «Рейтер» агенттігі хабарлады.

Жалпы бүгін таңертең Израиль әскері Рафах қаласына 40-қа жуық әуе соққысын жасаған. Ресми Тель-Авив: «террорлық ұйым нысандарын атқыладық», - дейді. Жалпы былтыр 7 қазанда басталған шабуылдан құрбан болған палестиналықтар саны 28 мың 176 адамға жетті.

Мухбил Шаат, Рафах тұрғыны:

- Бәріміз ұйықтап жатқанбыз. Кенет бомбаның жарылған қатты дабысы естіліп, шатырымызды дрондар атқылай бастады. Бізді балалардың періштесі қаққан болуы керек, әйтеуір аман қалдық.

 

Хуситтер америкалық кемені атқылады

Йемендік Хусит әскері Қызыл теңізде Star Iris атты америкалық жүк кемесін зымыранмен атқылады. Бұл туралы қарулы топтың әскери өкілі мәлімдеді. Бірақ теңіз тасымалын қадағалайтын халықаралық қызмет өкілі шабуылға ұшыраған кеменің Грекияға тиесілі екенін айтады. 2 зымыран тиген су көлігінің оң жақ қапталы зақымданған.

Яхия Сареа, «Хусит» тобының әскери өкілі:

- Палестина халқының мүддесі және АҚШ-Британия басқыншылығына қарсылық үшін біздің теңіз күштеріміз америкалық кемеге шабуыл жасады. Соққымыз нысанаға дәл тиді. Палестина халқына дұшпандық әрекет тоқтамай, біз де Қызыл және Араб теңіздері арқылы өткен Израильмен байланысты кез келген кемені атқылаймыз.

 

Лай көшкінінен 55 адам опат болды

Филиппиннің оңтүстігі табиғаттың тосын мінезінен зардап шегіп жатыр. Лай көшкінінен құрбан болғандар саны 55 адамға жетті. Бұған дейін 11 кісі көз жұмды деп хабарлағанбыз. Сондай-ақ 32 тұрғын жараланып, тағы бірнешеуі іздестіріліп жатыр. Билік жаңадан лай көшкіні жүруі мүмкін деп ескертті. Бұған дейін мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілген.

 

Дубайды су басып жатыр

Ал Дубайды су басып жатыр. Толассыз жауған жаңбыр соңы алапат тасқынға ұласты. Жүріс қиын әрі қауіпті болған соң көшеде көлік азайған. Суағарлар дұрыс жұмыс істемей жатыр. Метеорологтар ертең түске дейін күн ашылмайды деп ескертті. Полиция қолайсыз ауа райына байланысты тұрғындарға аса қажеттілік болмаса, үйден шықпауға кеңес берді.

Авторы: Ернат Мелсұлы.