Газа секторындағы ауруханаға құрал-жабдықтар жеткізілді
Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізіліп, емдеу мекемелері медициналық құрал-жабдықтармен қамтыла бастады.
Әл-Ақса ауруханасының жұмысы қалпына келтіріліп жатыр. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы уақытта әскери шабуылдардан жарақат алған бейбіт тұрғындар саны күрт артып, орын жетіспей жатқанын айтады.
Бұл Газа секторының орталығында орналасқан Әл-Ақса ауруханасы. Мұнда ДДСҰ соңғы бір айда алғаш рет гуманитарлық жүктерді кіргізуге мүмкіндік алды. Мұнда өткен қаңтар айында бар-жоғы 5 қана дәрігер жұмыс істеген. Енді олардың қатары 300-ге дейін толықты. Медбикелердің де саны арттырылып жатыр.
Джудит Старкулла, БҰҰ Халықтың қоныстану саласындағы қорының Газадағы басшысы:
"Біздің қор БҰҰ-мен бірлесіп Әл-Ақса ауруханасына дәрігерлердің шұғыл ота жасауына қажетті құрал-жабдықтарды жеткізді. Гуманитарлық көмек ішінде, ең алдымен, жүкті әйелдерді қарауға қажетті медициналық жабдықтар бар. Қазір әкелінген препараттар 3 мың әйелге дәрігерлік көмек көрсетуге жетеді''.
Гуманитарлық көмек арасында түрлі жарақат алған 4 мыңға жуық адамға ота жасауға қажетті құрал-жабдық бар. Бірақ мамандар мұның өзі әлі аз дейді. Өйткені соңғы аптада Израиль әскерінің шабуылдарынан жараланған бейбіт тұрғындар күрт көбейген. Салдарынан дәрігерлер науқастарды дәліздерге орналастырып, қарауға мәжбүр.
Ричард Пиперкорн, ДДСҰ-ның Палестинадағы өкілі:
"Травматологиялық бөлімдер науқасқа лық толы. Әр емдеу орындарында жүздеген адам емделіп жатыр. Біз аймақтағы ауруханаларға ауырсынуды басатын дәрілер мен жарақатты таңатын жабдықтарды жеткізуге күш салып жатырмыз. Бірақ әскери қимылдардан оларды көп мөлшерде әкелу қиынға соғып отыр''.
Газадағы Әл-Ақса ауруханасы бір мезетте 270 адамды қабылдауға лайықталып салынған. Бірақ қазір оның кей бөлімдерін әуе шабуылдарынан бас сауғалап қашқан жүздеген босқын паналап жүр. Ұйым өкілдері мәселені шешу үшін науқастарды жақын маңдағы мектептерге орналастыруға көшкен.
Әсия Нұрлыбаева