Израиль шектеулерге құлақ аса ма?
Брюссель Израильге қару-жарақ тасымалдау ісіне шектеу қоюға шақырды.
Бұл туралы Еуроодақ министрлері мен БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек агенттігінің басшысы Филлип Лаззаринидің қатысуымен өткен отырыстан соң белгілі болды. Бұл бастамаға Израиль үкіметі басшысының көзқарасы қандай?
Израильді қолдап отырған елдер қару-жарақ жеткізуді шектеуі тиіс. Бұлай деп 27 елдің министрлері бас қосқан Еуроодақ кеңесінен кейін ұйымның бас дипломаты Жозеп Боррель мәлімдеді. Себебі Израильдің әскери операциясынан бейбіт тұрғындар көптеп жапа шегіп отыр, дейді ол.
Жозеп Боррель, ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:
- Бұған дейін сіз өзге елдің көшбасшыларынан Газада бейбіт тұрғындар көптеп қаза тауып жатқаны туралы қанша рет естідіңіз? Олай болса қару-жарақты жеткізуді азайтуды қарастыру керек шығар?! Халықаралық қауымдастық бұл ұсынысымызды қолдаса, онда оны жүзеге асыруға бірден кірісу қажет. Мысалы, Нидерланд соты Израиль үкіметі халықаралық құқықты сақтап отырғанына көз жеткізгенше "F-35" ұшағының бөлшектерін жеткізуді тоқтату туралы шешім қабылдады.
Ал жиынға қатысқан БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы босқындарға көмек көрсету агенттігінің басшысы Филипп Лаззарини ұйымды қаржыландыру тоқтатылғанына қарамастан жуық арада қызметінен кетпейтінін мәлімдеді.
Филлип Лаззарини, БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы босқындарға көмек көрсету агенттігінің басшысы:
- Менің қызметтен кететін ойым жоқ. Орнымды босатуға шақырған бір ғана ел бар. Ал басқа елдердің билігі тарапынан мұндай пікірді естіген жоқпын. Әзірге жұмысымды жалғастыра бермекпін.
Нидерланд Премьер-министрінің міндетін атқарушы Марк Рютте Таяу Шығысқа сапарында Биньямин Нетаньяхумен кездесті. Ол оны Газадағы атысты тоқтатып, аймаққа шұғыл гуманитарлық жүк жеткізуге шақырды. Бірақ Израиль үкімет басшысы бұған қарсылығын білдірді. Ол «Израиль ХАМАС қозғалысын толық жеңбейінше Газа секторында әскери операцияны жалғастыра береміз» деп отыр.
Әсия Нұрлыбаева, Жанат Эрнст