Барселонада балабақшаларға азық-түлік жеткізу қиындады
Испанияның Барселона қаласындағы мемлекеттік балабақшалардың 40%-і тамақсыз қалуы мүмкін.
Бұған өткен айдан бері жалғасып келе жатқан шаруалардың шерулері себеп.
Мыңдаған фермер үкіметтен салықты төмендетуді талап етіп, бірқатар маңызды тасжолдарды жауып, азық-түлік жеткізу қиындаған.
Испанияның Барселона қаласында балабақшалар азық-түлікті сатып алып, асты өздері әзірлейді. Ал мектептердің 90%-і тамақты арнайы тапсырыспен дайындатып, алдыртады. Бұл іс келісімшарт бойынша жүзеге асырылып, жауапкершіліктің көбі жеткізуші компанияға жүктеледі. Бірақ соңғы апталарда шаруалардың наразылық акцияларынан тауар тасушы компаниялардың қызметі ақсап, балабақшаларға азық-түлік жеткізу жағы қиындаған.
Изабель Мадруга, ата-аналар мен мұғалімдер қауымдастығының басшысы:
- Келісімшарт бойынша балабақшаларға азық-түлік жеткізіп жүрген компания өз-өзін банкрот деп жариялады. Бірлестік 41 мемлекеттік балабақшаға қызмет көрсетіп келген. Бұл, бір жағынан, жергілікті биліктің салғырттығы. Олар бір компанияға осынша орынға азық-түлікті жалғыз өзі жеткізіп тұруға рұқсат бермеу керек еді. Әрі кетсе 10 балабақшаға ғана қызмет көрсетуі керек еді.
Аврора, ата-ана:
- Тамақ тасымалына қатысты компания дағдарысын біз де естіп, балаларымыз үшін алаңдап отырмыз. Балабақша бізге бір аптаға ғана жететін азық-түліктің қалғанын айтты.
Ал азық-түлік жеткізіп келген компания мәселе шаруалардың толқуынан туғанын алға тартады. Қуаңшылықтан шығынға батқан фермерлер биыл өнім құнын екі есе арттыруға мәжбүр болған. Жергілікті сауда орындары болса отандық өнімді қолдаудың орнына тауарды арзан бағамен басқа елдерден тасымалдауға көшкен. «Шаруалар билік бұған көз жұмып отыр» деп шағымданып, жолдарды жауып, тауар жеткізу тоқтап қалған.
Роман Олива, шаруа:
- Испанияда әр шаруа 40%-ке дейін салық төлейді. Оның үстіне азық-түлік қауіпсіздігін қатты сақтаймыз. Сапасы жоғары, қоршаған ортаны қорғау стандарттарына сай өнім шығарамыз. Енді, міне, осындай қиындықпен дайындаған тауар құнын көтеріп едік, далада қалдық. Көптеген мекеме біздің өнімді алудан бас тартып, шығынымыз артты.
Мәселені шешу үшін ата-аналар қауымдастығы үкіметтен көмек сұрады. Көп ұзамай жергілікті билік мемлекеттік балабақша басшыларын шұғыл жинап, кеңес өткізді. Басқосуда азық-түлікті жеткізетін компанияны қайта таңдап, бұл шаруаны қатаң қадағалап отыру шешілді.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.