Израиль-Палестина келіссөзі басталды
Мысырда Израиль мен Палестина арасындағы жағдайға байланысты келіссөздер басталды.
Солтүстік Корея тағы да зымыран атты. Ал Ирак теңіз астымен Еуропаға қарай туннель қазып жатыр.
Каирде Израиль-Палестина келіссөздерінің жаңа кезеңі басталды. Кездесу 3 күнге созылады. Оған Мысыр, АҚШ, Катар мен Израиль делегациялары қатысып жатыр. Бас қосуда «ХАМАС» ұйымының бар-жоғы белгісіз, бұл туралы әзірге ақпарат жоқ. Осының алдында CNN-ге сұхбат берген олар Каирге өкіл жіберетінін айтқан. Алдын ала мәліметке сүйенсек, әңгіменің негізгі өзегі Газа секторында кепілге алынған адамдарды босату және атысты тоқтату болмақ. Бұған дейінгі келіссөз қаңтардың аяында Парижде өткен болатын.
Солтүстік Корея тағы да зымыран атты
Солтүстік Корея тағы да қару сынады. Бұл жолы коммунистік ел бірнеше қанатты зымыран атты. Аталған сынақ туралы Оңтүстік Корея әскері хабарлады. Сарапшылардың есебі бойынша, Пхеньян жыл басынан бері осымен бесінші рет баллистикалық зымыран сынаған. Бұл қарулардың кейбірі ядролық оқтұмсық тасымалдай алады.
Ирак Еуропаға туннель салып жатыр
Ирак оңтүстік жағалауынан Түркияға қарай теңіз астынан сауда туннелін салып жатыр. Қазіргі сәтке дейін 60 пайызын аяқтаған. Ірі сауда порты Басрадан басталатын суасты жолының ұзындығы 2444 метрге жетеді.
Фархан Әл-Фартуси, Ирак порттарының бас директоры:
- Бұл тауарларды Ирактан Еуропа, Түркия, тіпті Кавказ елдеріне тасымалдайтын ірі жоба. Жолдар жерүсті және суасты дәліздерін қамтиды. Аталған жобаның экономикалық пайдасы шаш-етектен болмақ.
Хайдар Сәлем, жоба директорының көмекшісі:
- Туннель 2 тарапқа қатар тартылады. Олар арқылы ауыр жүктер контейнермен тасымалданады. Ал Туннельдің үстіндегі су деңгейі 18 метр болмақ. Сонда ол жерден кемелер емін-еркін өте алады.
Осылайша Таяу Шығыс пен Еуропа арасын жалғайтын жаңа сауда желісі келесі жылы пайдалануға беріліп, ол арқылы жыл сайын 99 миллион тонна өнім тасымалданбақ. Ирактың Көлік министрлігі ауқымды жобаның құны 17 миллиард долларға жуықтайды деп мәлімдеген.
Авторы: Ернат Мелсұлы