81 жастағы рэпер әже
2022 жылғы есеп бойынша, әлемде жасы 65-тен асқан 771 миллион қария бар. Бұл жер шары халқының 10 пайызы.
Бірақ бұл көрсеткіш 2050 жылы 16, ал 2100 жылға қарай 24 пайызға жетпек. Қарап отырсақ, адамзат жыл сайын қартайып барады. Мұның себеп-салдары қандай?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, 26 жылдан кейін қарттардың 80 пайызы табысы төмен немесе орташа елдердің тұрғыны болмақ. Бірақ қазіргі ахуалға қарасақ, дамыған елдерде қартаю басым.
Экономикалық қуаты бойынша әлемде 14-орында тұрған Оңтүстік Кореяда 70-тен асқандардың саны жасы 20-дан асқандардан көп. Ел үкіметі осындай мәліметті былтыр алғаш рет тіркеді. Сарапшылар "бұл экономиканы кері тартуы мүмкін" деп қазірден дабыл қағып жатыр.
Рэпер әжелер
Бірақ Оңтүстік Кореяда "біз жастардан кем емеспіз" деп жұлқынып тұрған қариялар баршылық.
150 зейнеткер бір топқа бірігіп, жастар секілді көшеде рэп айтуға кірісті. Алды танылып үлгерген. YouTube-тағы бейнежазбаларының қаралымы 100 мыңға жуықтап қалды. Бұл елде қазір әр бесінші тұрғынның жасы 65-тен асқан.
Парк Жеом-Сун, 81 жастағы кейуана:
- Маған осылай рэп айтқан ұнайды. Өзімді жасарып бара жатқандай сезінемін. Заманның өзгеріп бара жатқаны шындық. Бұрын мен тұратын қалада адам көп болатын. Қазір басқа жаққа кетушілер көп. Рэп айтудың арқасында ұмытшақтықтан құтылдым, денсаулығым жақсарды. Бізді қазір түрлі іс-шараларға шақыра бастады. Бос уақытымыз жоқ. Ендігі мақсатым – тағы білім алсам деймін.
Қытай қартайып барады
Қартаю әлемнің екінші дамыған елі – Қытай үшін де үлкен мәселеге айналды. Елде жасы 60-ты алқымдағандар қатары 280 миллионнан асады. Бұл халықтың шамамен 20 пайызы. Былтыр халық саны 2 миллионға қысқарған. Үкімет коронавирустан кейін туу азайып, өлім-жітім көбейгенін айтады. Өткен жылы 9 миллионға жуық сәби өмірге келген. Ал 8 жыл бұрын бала туу бұдан 2 есе жоғары еді. Халқы қартайып жатқан Қытай қарап отырған жоқ. Билік қарияларға күтім жасайтын мамандар санын арттыруды қолға алды.
Каң Йи, Ұлттық статистика бюросының директоры:
- Халқымыздың қартайып бара жатқаны жасырын емес. Жастардың белсенділігі төмендеп кетті. 16-дан 24-ке дейінгі жастарымыздың 15 пайызы бос жүр. Не оқуда, не жұмыста жоқ.
Үндістанда қарт шаруа көбейді
Адам саны бойынша Қытайды басып озған Үндістан қариялары қазір халықтың 10 пайызына тең. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай 2 есе артады деп болжайды. Экономикасының қуаты бойынша әлемде үздік үштікке кіретін Үндістанның бір ерекшелігі – бұл елде халықтың 55 пайызы жұмыспен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлік жақсы дамыған, еркін мемлекет деген АҚШ-тың өзінде аталған көрсеткіш – 33 пайыз.
Қазір үнді елінде жастардың 70 пайызы ауылда тұрады. Бірақ олардың көбі ауылшаруашылығымен айналысқысы келмейді. Есеп бойынша, күніне 2 мың шаруа жұмысымен мәңгілікке қоштасады екен. Өйткені онымен айналысу тиімсіз.
Мажор Синх, 64 жастағы шаруа:
- Үкімет ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын қолдан арзандатып, көмек-қаржыдан айырып жатыр. Біз бұған наразымыз. Онсыз да ауылда тұрса да, шаруашылықпен айналысқысы келмейтін жастардың қатары еселеп артып барады.
Палестинада 17 мың бала жетім қалды
Дамыған елдер халықтың қартаюымен күресіп жатса, халық санының 40 пайызын жасы 14-ке толмаған жеткіншектер құрайтын Газа секторында жетім көбейді. ЮНИСЕФ Израильдің әуе шабуылдарынан кейін 17 мың баланың жетім қалғанын айтады.
Экономикасы қуатты елдерде халық қартайып жатса, артта қалған аймақтарда балалар қамқорлықсыз қалып жатыр. Бір кем дүние.
Ернат Мэлсұлы, 24.KZ.