Құрылыстағы жемқорлық – құрдымға кетудің бастауы
Түркиядағы сапасыз құрылыстың салдары былтыр жер сілкінісі кезінде көрінді.
Ал Нью-Йоркте тұрғын үй басқармасының шенеуніктері құрылыс саласына бағытталған 2 миллион доллар қаражатты жымқырған.
Өзбекстан билігі болса, саладағы сыбайластықтың алдын алу мақсатында сандық жүйеге көшпек.
173 мың нысан жарамсыз
Құрылыстағы техникалық регламенттің бұзылуы өткен жылы Түркияда тіркелген зілзала кезінде байқалды. Соңғы рет елдегі құрылыс нормасы мен ережесі 2018 жылы қайта түзеуден өткен. Онда құрылыс іргетасы мен жүк көтергіш құрылымдарына талап күшейтілген еді. Құрылыс компаниялары ғимараттардың кез келген апатқа төтеп бере алатынын мәлімдеген. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты.
7,8 балдық жер сілкінісі кезінде бас-аяғы 173 мың нысан қираған. Табиғи апаттан кейін құрылысқа немқұрайлы қараған жауаптылар қамауға алына бастады. 500-ден астам адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олардың көбі 2 жылдан 22 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Құрылыстағы сыбайластық
Нью-Йоркте «құрылыс саласына бөлінген қаржыны жымқырды» деген айыппен 70 шенеунік ұсталды. Олардың дені – тұрғын үй құрылысы басқармасының мамандары. Құқықбұзушылар 2 млн доллар көлемінде бірнеше мердігермен тендерсіз келісімшарт жасасқан.
Жалпы құны 13 млн доллар болатын бірнеше жоба бойынша жұмыс істеген. Бұл сомаға тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, техникалық қызмет көрсетілген. Заңға сәйкес, олар 10 жылдан 20 жылға дейін темір торға тоғытылды.
Жемқорлыққа 13 себеп
Шетел сарапшылары құрылыс саласында белең алған пара алу мәселесіне талдау жүргізді. Қорытындыға сәйкес, саладағы сыбайластықтың салдары 10 пайыздан 30 пайызға дейін шығынға әкеп соққан. Бұл шамамен 6 триллион долларға тең. Әсіресе Азия және Африка елдерінде көрсеткіш жоғары.
Сарапшылардың сөзінше, оған аймақтағы өмір сүру жағдайының төмендігі себеп. Сондай-ақ жобалардың ауқымы мен күрделілігі, мердігерлік келісімшарттың көптігі, тиісті бақылаудың болмауы сынды 13 түрлі фактор құрылыста жемқорлықтың жиілеуіне әкеледі дейді сарапшылар.
Сандық жүйе сыбайластықтың алдын алады
Өзбекстан үкіметі құрылыстағы сыбайластықтың алдын алу мақсатында бірыңғай сандық жүйеге көшу шешімін қабылдады. Шілде айынан бастап ел билігі жобаларды реттеудің жаңа тәртібі бойынша жұмыс істейді.
Келісімшарттар тек электронды нұсқада онлайн бақылау арқылы іріктеледі. Бұл жемқорлықтың алдын алып, жүйедегі жұмыстың жылдам жүруіне ықпал етеді, дейді сарапшылар.
Әсия Нұрлыбаева, Тамерлан Ким, «24.KZ».