Қар көшкінінен 25 адам опат болды

Ауа райының қолайсыздығы әлем елдерін әбірге салды. АҚШ-тың бірнеше штатында жауын-шашын толастар емес.

Ал Ауғанстанда қалың қар жауып, таулы аймақтарда қар көшкіні жүрді. Табиғи апат салдарынан опат болғандар мен зардап шеккендер бар.

Ауғанстанда қар көшкінінен 25 адам опат болды

Ауғанстанның шығысындағы Нуристан провинциясында көшкін жүріп, 25 адам опат болды. Олардың көпшілігі әйел мен бала. Тағы 8 тұрғын ауыр жараланды. 30-ға тарта үй қирап, үйінді астында қалды.

Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, табиғи апат қалың жауған қардың салдарынан болған. Көшкін кезінде із-түссіз жоғалғандар да бар. Қазір іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Жалпы Ауғанстанды таулы ормандар мен қыраттар қоршап тұрғандықтан, мұнда қар көшкіні жиі болады.

Калифорнияда тұрғындар жарықсыз қалды

АҚШ-тың Калифорния штатында толассыз жауған жауын су тасқынына ұласты. Соның салдарынан 9 адам көз жұмды. Оның үстіне сағатына 90 шақырымға жететін желдің ұйытқуынан электр желілері үзілген. Қазір миллиондаған тұрғын жарықсыз, жылусыз отыр.

Бразилияда үйлер су астында қалды

Бразилияда да осындай жағдай. Сан-Паулу қаласындағы 23 шағынауданның үйлері су астында қалды.

Қатты желдің екпінінен ағаштар құлап, жолдарды жауып тастаған. Осыған байланысты жергілікті билік барлық жол-көлік қатынасына шектеу қойды. Өйткені тұрғындардан түскен арыз-шағымдар көп. Мәселен, Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке тұрғындардан 96 хабарлама мен 99 қоңырау түскен.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты 2 әуежайдағы рейстер кейінге шегерілді.

Ливанда 18 адам үйінді астында қалды

Ливан астанасы Бейруттегі су тасқыны салдарынан үйлер опырыла құлап, 4 адам опат болды. Тағы 18 адам үйінді астында қалған. Оларды шығару әзірге мүмкін болмай тұр.

Жергілікті биліктің мәліметіне қарағанда, тұрғын үйлердің құрылысы белгілі бір талаптарға сай келмейді. Іргетасы дұрыс қаланбағандықтан, бірден қирап қалған.

Фариза Жанғанаева, 24.KZ.