-52 градус. Қытайда аяз рекордтық деңгейге жетті
Қытайда бұрын-соңды болмаған аяз тіркелді. Көрші елде ауа температурасы -52 градусқа дейін төмендеді.
Ауа райының қолайсыздығынан жағдай ушықты. Жүздеген шақырым жолды қар басып, қозғалыс шектелді. Әсіресе Шыңжаң Ұйғыр автономдық ауданында күн қатты суып кетті. Елдегі ірі деген туристік курорттық нысандар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
-52 градус аяз. Мұндай суық Шыңжаңда бұрын-соңды болмаған. Фуюнь уезінде екі метрге дейін қалың қар жауып, ақтүтек боран ұйтқып тұр. Салдарынан жалпы ұзындығы 853 шақырымнан астам автожол жабылды. Шалғайдағы елді мекендер ақ ұлпа құрсауында қалды. Аймақта мал азығы, отын, азық-түлік жеткізу мәселесі зерделеніп жатыр.
Құрымбай Айып, ауыл тұрғыны:
- Тиімділік бәрінен игіліктенгенбіз. Қазір енді суығымыз 52 градусқа дейін шығып кетті. Малымыз жылы қорада тұр. Далаға шығарған жоқпыз кешеден бері. Сонымен қазір жем-шөбіміз әзірге жетерліктей. Жақсы.
Қытайдың көптеген провинциясында әуе рейстері мен жолаушылар пойыздары кейінге шегерілді. Алтай жақтағы ең ірі халықаралық тау-шаңғы курорты жабылды. Ал Туэрхонг ауылының халқы мүлде сыртқа шығудан қалды.
Қарақат Тұрсынбек, ауыл тұрғыны:
- Биыл қыс ерекше қатты боп тұр. Мен ес білгелі мұндай аяз болған емес. Қар да тоқтаусыз жауып тұр. Ең бастысы үй жылы. Баспанамызды білгендей-ақ жөндеуден өткізген екенбіз. Жағатын отын бар.
Ляонин аймағындағы жоғары жылдамдықта жүруге арналған бірнеше автомагистраль жабылды. 32 мыңнан астам адам жолда қалды. Жолдарды тазалап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 16 мың адам және 2 мың қар тазалайтын арнайы көлік жұмылдырылды. Жағдай бұлай жалғаса берсе төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Кейбір аудандарда тоқтаусыз құмды дауыл соғып, жұртты әбігерге салып жатыр.
Чэнь Тяньюй, Шыңжаң-Хотан қалалық метеорологиялық орталығының директоры:
- Қар ақпанның 18-і күні басталған. Арты аяз бен құмды дауылға ұласты. Бірнеше аудан мен шаһар шаң-тозаңға батып қалды. 22 ақпан әр аймақта тағы қар жауады деген болжам бар. Бұл ауадағы шаңды басуға сеп болады.
Қалың қардан аймақтағы жабайы аңдар да қозғала алмай қалды. Тек қасқырлар ғана жемтігін аулаудың амалын тапқандай. Жыртқыштар омбы қарды ұңғылап астымен жүруге машықтанған. Көкжалдар бір ізбен бірінің артынан бірі кетіп барады. Мына кадрларды жергілікті малшылар дронның көмегімен түсіріп алған. Тура бір қасқырдың айлакер, ақылды аң екенін дәлелдеп тұрғандай.
Руслан Бақытбекұлы, «24.KZ», ҚХР