Мұғалімдер митингке шықты

Оңтүстік Кореяда мұғалімдердің жаппай наразылығы жалғасып жатыр.

Акцияға қатысушылар үкіметтен мұғалім мәртебесін көтеруді және оқушылар мен олардың ата-аналарының қысымынан қорғауды талап етіп отыр.

Сеулде мұғалімдер басты көшелердің бірін жауып тастады. Ұстаздар қауымын Оңтүстік Корея бойынша 7 мыңға жуық әріптестері қолдады. Осындай ереуілдер басқа қалаларда да өтті.

Бұл мұғалімдердің соңғы 4 айдағы 12-наразылық акциясы. Ереуілдердің басталуына Сеулде 23 жастағы бастауыш сынып мұғалімінің өз-өзіне қол жұмсауы себеп болған. Былтыр шілде айында бір оқушы өз сыныптасын басынан ұрған. Мұғалім оқиғаға кінәлі баланы жазалаймын деп, ата-ана қысымына тап болады.

Ким Хи Сон, мұғалім:

- Өткен жазда мұғалім қайтыс болғаннан кейін, тағы бірнеше әріптесіміз өз-өзіне қол жұмсады. Біз үкіметтен мұғалімдердің өлімін еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиғалар деп танып, өтемақы төлеуді талап етеміз. Физикалық зорлық-зомбылық болмаса да, егер бала немесе ата-ана қандай да бір қысым көрсе, полицияға арыз жаза алады. Осыған байланысты мұғалімдерге жасалатын негізсіз қысым көбейді. Заңға өзгерістер енгізуді талап етеміз.

Сеулдегі қайғылы оқиғадан кейін үкімет заңға бірнеше өзгертулер енгізді. Енді ата-ана баласының қорлық көргені туралы арыз жазатын болса, мұғалім жұмыстан бірден шығарылмайды. Осындай жағдайларда жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп, ұстаздардың құқықтарын сотта қорғау үшін қаржылай қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, мұғалімдерге сабаққа кедергі келтірген оқушыларды кабинеттен шығаруға рұқсат етілді. Бірақ наразылық білдірушілердің айтуынша, қабылданған шаралар жеткіліксіз.

Ю Дже Ён, Пёнтек қаласындағы бастауыш мектеп мұғалімі:

- Мен ата-ана қысымына тап болған жоқпын, бірақ бұл мәселе әріптестеріме әсер етті. Ашуланған аналар мен әкелер түнгі сағат 12-ден кейін де мұғалімдерге қоңырау шалады. Соның салдарынан ұстаздар емделуге мәжбүр, шыдай алмай, жұмыстан кететіндер де бар.

Сарапшылар бұл мәселені елдегі туу көрсеткішінің төмен болуымен байланыстырады. Қазір көптеген корей отбасыларында бір ғана баладан бар. Көбінесе әкелер мен аналар жалғыз балаларын асыра қорғайды. Зерттеулер көрсеткендей, бастауыш сынып мұғалімдерінің жартысынан көбі зейнет жасына жеткенше жұмыстан кетуді қалайды. Өйткені ата-аналардың қысымынан шаршаған. Наразылық білдірушілердің айтуынша, егер олардың талаптары орындалмаса, Оңтүстік Кореяда педагог жетіспеушілігі мәселесі туындауы мүмкін.

Владислав Цой, Ольга Лян, «24.KZ», Оңтүстік Корея