Қарсыз Альпіден қарлы Алтайға дейін
Шаңғы демалыс орындарымен атағы әлемге жайылған Швейцария дағдарысқа ұрынды. Елдегі шаңғы орталықтарының 30 пайызында қар жоқ.
Қазір бұл мәселе Швейцарияға ғана емес, барлық Еуропа елдеріне тән. Зерттеушілердің айтуынша, «Кәрі құрлықтағы» барлық шаңғы демалыс орындарының жартысы қарсыз қалуы мүмкін. Сонда бұл жерлер жабыла ма?
Таудағы қардың көмегімен турист тартып, қыруар қаржы тауып үйренген еуропалықтар жасанды қар жасауға көшкен.
Бірақ бұл Еуропадағы қысқы туризм саласын құтқара ма?
Шаңғы курорттарында қар жоқ
Шаңғы туризмінің болашағына алаңдаған франциялық және австриялық мамандар Еуропаның 28 елінде зерттеу жүргізді. Олар 2234 шаңғы демалыс орнындағы жағдайды сараптаған.
Шаңғы курорттарының 203-і Швейцариядағы Альпі тауында орналасқан екен. Олар 144 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Аймақта ауа температурасы 4 градусқа дейін жылыну қаупі төніп тұр. Жағдай осылай өзгерсе, Швейцариядағы шаңғы демалыс орындарының 99 пайызы қарсыз қалуы мүмкін.
Христоф Саламин, метеоролог:
- Швейцариядағы таулар қарсыз қалады деген ешкімнің қаперіне кірмеген нәрсе. Биыл орташа температура минус 0,5 градус шамасында болып тұр. Былтыр бұл уақытта минус 2 градусқа жуықтап еді. Бұл жердегі қардың қалыңдығы бұрын бірнеше метрге жететін. Оған қазір сену қиын.
Жасанды қар да еріп кетеді
Қазірдің өзінде Швейцариядағы шаңғы жолдарының жартысы жасанды қар пайдаланады. Бұл көрсеткіш Францияда 39, Австрияда 70, ал Италияда 90 пайызға жуықтайды.
Шаңғы курорттарын жасанды қар құтқарады деп айтып жатырмыз. Бірақ бұл жерде де үлкен кілтипан бар. Өйткені жасанды қардың көлемі шексіз емес. Оларды жаппай есепсіз себе алмайсыз. Қарды жасауға және төсеуге көп қаржы және бағасы қымбат озық технология қажет.
Винченцо Ренини, шаңғы демалыс орнын басқарушы:
- Біз 2 жылдан бері шаңғы нысандарын басқарумен айналысып келеміз. Жасанды қардың да мәселесі бар. Оны жасап, өз мәнінде пайдалану үшін температура тым құрығанда нөл градус болуы керек. Ал бізде өткен аптада ғана плюс 12 градус болды. Климат қатты өзгеріп жатыр.
Лола де Санктис, таулы аймақтың тұрғыны:
- Қыс емес, жаз сияқты. Маусым айындағы температура орнаған. Қар атымен жоқ. Жасанды қардың өзі еріп кетіп жатыр.
Алтай қазақтарының тері шаңғысы
Әлемдегі ең ежелгі шаңғыларды алтайлық қазақтар жасаған. Қазір олардың қызығын Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданының тұрғындары мен басқа елден барған шетелдіктер көріп жүр.
Жақында Алтайға француз фотографы Нико дө Ғуж барған. Көп ғасыр бұрын тері шаңғылар аңшылар мен шаруалардың негізгі көлігі болған. Шаңғының өзегін қарағай ағашынан жасап, сыртын жылқы сирағының терісімен қаптайды. Бірақ екі емес, бір ғана таяқ ұстайды. Малшылар бұл шаңғыларды әлі күнге дейін пайдаланады. Тіпті ара-тұра жарыс та өтіп тұрады.
Нико дө Ғуж, француз фотографы:
- Мен қазір Шыңжаңның солтүстігіндегі Қазақстан, Ресей және Моңғолиямен шектесетін Хему деген ауылдамын. Мен тері шаңғысын жасау және тебу – өте ежелгі дәстүр деп естідім. Соны өз көзіммен көру үшін осында келдім. Біздің француздар шаңғыны еуропалықтар ойлап тапқан дейді.
Маличин, тері шаңғы тобының жетекшісі:
- Тері шаңғыны жасауды және тебуді маған әкем үйреткен. Ол кісілер өз заманында тері шаңғымен қыста аң аулайтын. Қазір бұл жерде жалпы аң аулауға тыйым салынған. Өз тобымыз бар. Енді бұл дәстүрді өзім 15 жастағы қызым мен 9 жастағы ұлыма аманат қылып қалдырмақпын.
Алтайдағы қандастарымызға қарасақ, шаңғы жасауды және тебуді бізге ата кәсіп деп қарастыруға әбден болатын сияқты. Статистикаға сүйенсек, әлемдегі белсенді шаңғышылардың 25 пайызы Норвегия, Австрия мен Швейцарияда тұрады. Ал дүние жүзінде шаңғы тебетіндердің 44 пайызы Альпі тауларына барады екен.
Ернат Мэлсұлы, "24.KZ"