Ауа райы. Қытай әбігерге түсті
Қытайда ауа райының қолайсыздығынан мыңдаған жолаушы діттеген жеріне жете алмай жатыр.
Қоғамдық көліктер қозғалысы кейінге шегерілуде. Салдарынан вокзалдар мен әуежайлар жолаушыларға лық толды.
Бұрқасын мен қалың қардан елдің 8 провинциясында қиындықтар туындап отыр.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, ел аумағында әлі 210 миллионнан астам сапар жоспарланған. Оның басым бөлігі автокөліктермен болса, 13 миллионы пойыз, екі жарым миллиондайы әуе рейстерімен қатынауы тиіс. Алайда негізгі автомагистральдар 37 жерден жабылып, жағдай ушыға түсті. Мұндай жағдай елдегі Көктем мерекесіне байланысты қалыптасқан. Жергілікті дәстүрге сай, жұрт осы күндері жаппай сапарлап туған-туыстарын аралайды.
Ли Бинь, Шаньдун теміржол диспетчерлік орталығының техникалық директоры:
- Ең бастысы қауіпсіздік. Қазір операторлар ауа райын үздіксіз бақылауда ұстап отыр. Мониторинг арнайы жүйемен жүргізіледі. Пойыздарды шетінен жіберіп жатырмыз. Алайда ақтүтек боран мен жауын-шашын салдарынан төмен жылдамдықпен жүруге мәжбүр. Бұл көп уақыт ұстайды.