Омбы қазақтары қазақша диктант жазды
Халықаралық ана тілі күніне орай Омбы қазақтары қазақша диктант жазды.
Оған Мәскеу, Санкт-Петербург, Түмен, Корған мен Магнитогорск қазақтары қатысты. Бұл іс-шара алғаш рет онлайн форматта ұйымдастырылды.
Омбы қазақтары Қазақша диктант жазу іс-шарасын қатарынан үш жыл бойы ұйымдастырып келеді. Биыл бірінші рет онлайн форматта өтті. Оған тек ресейлік қазақтар ғана емес, Түркия мен Өзбекстаннан да қандастар қатысты.
Торғын Ашенова, «Омбы қазақтары» газетінің бас редакторы:
- Қазақ боламын десең, қазақ тілін ұмытпауың керек. Бүгінгі мереке осы бідің өзіміздің қазақтығымызды ұмытпау үшін өткізіліп жатыр.
Кейбір Омбы мектептерінде қазақ тілі факультативтік пән ретінде оқытылады. Былтыр жергілікті билік Омбы педагогикалық университетінде қазақ тілі пәні мұғалімдерін даярлау бағдарламасы іске қосылатынын хабарлады.
Асылхан Мухин, зейнеткер:
- Мен ең бірінші қалай қатысамын деп ойладым. Қазақша жазбағалы, сөйлемегелі көп уақыт өтті. Жолдасым «Өзіңді-өзің тексеріп кел, неменеден қорқасын, қорқатын уақыт өтті» деді. Сосын жарайды, барып келейін дедім. Қазақша төрт класс бітірдім. Оны бітіргелі алпыс бес жыл өтті.
Омбыда диктант жазғандардың барлығына сертификат пен естелік сыйлықтар табысталды. Ал онлайн-диктант 25 ақпанға дейін жалғасады.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров