Роботтар затты жеткізіп беру қызметі саласын жаулап жатыр
Жасанды интеллект адамның сеніміне кіріп, заманауи технология тұрмысымызға біртіндеп еніп жатыр.
Адам орнына құлтемірдің қызметін қолданысқа енгізген державалар әлдеқашан түрлі салада көшті басып озды. Сарапшылардың сөзінше, робот қызметшілер уақытты ұтымды пайдаланып, жұмысты сапалы әрі жылдам істейді. Мәселен, Жапония наурыз айынан бастап жеткізу қызметін атқаратын роботтарды қолданысқа енгізбек. Дрондар да тауар жеткізе алатынына норвегиялық кәсіпкерлердің бастамасы дәлел. Жаһанды жайлаған жасанды интеллект болашақта адамның орнын басуы мүмкін бе?
Тыңнан түрен салған өнертапқыштардың тың жобалары тіршілігімізге түрлі өзгеріс әкелуде. Роботтар кез келген салада адамдармен бәсекелес бола бастады. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, 2025 жылға қарай жасанды интеллект әлем бойынша 85 миллион адамды ауыстырады.
Жапонияда жеткізу қызметін құлтемір атқарады
YouTube.Com/Serverobotics
Америкалық әйгілі Uber Eats онлайн платформасы Жапонияда азық-түлік жеткізетін автономды роботтарды қолданысқа енгізбек. Құлтемірлер наурыз айынан бастап толық іске кіріседі. Осымен Күншығыс елі АҚШ-тан кейін тасымалдау ісін құрылғыға сеніп тапсырған екінші ел болмақ. Қызығы, жеткізуші роботтар елдің көлік қозғалысы заңына тікелей бағынады екен. Құжатқа сәйкес, олар жаяу жүргіншілер жолында сағатына 5 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Ал сыйымдылығы 27 литрге дейін тауар тасымалдау мүмкіндігіне ие. Құрылғыны қашықтан басқару жүйесін Mitsubishi Electric қызметкерлері жүргізеді. Мамандар келешекте инфрақұрылым саласында да жеткізуші құлтемірдің қызметін пайдалануға ниетті.
ЦИТАТА
Сёдзи Танака, Mitsubishi Electric компаниясының бас менеджері
"Бұл бастама Жапонияда жеткізуші құлтемірлер қызметінің қарқын алуына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Роботтар болашақта логистика, құрылыс сынды ауқымды салаларда ауыр жұмыстарды атқарып, жеткізу ісін әлдеқайда жеңілдете түседі."
Робот-курьер Ресейде де бар
Мұндай қызметті қиналмай атқаратын құлтемірлер көршіміз Ресейде де бар. Яндекс компаниясының өнертабысы 2019 жылы қолданысқа енген. Бар-жоғы 60-ақ келі құрылғы 20 келіден астам тауарды жеткізеді. Кәдімгі курьерге қарағанда роботтың қызмет ақысы арзанырақ әрі күн-түні демалыссыз жұмыс істейді. Компания биыл роботтар арқылы коммерциялық жеткізу қызметін іске қосуды жоспарлап отыр.
Тауар жеткізуші дрондар қолданыста
YouTube.com/Kytedelivery
Норвегияда азық-түлік, тауар жеткізу ісін дрондар атқарады. Мұны жергілікті компания былтыр іске қосқан. Бұл әлем бойынша ұзақ қашықтыққа дейін ұша алатын алғашқы жеткізуші дрондар. Олар елдің шалғай аудандарына тұрмысқа қажетті тауардың барлық түрін тасымалдай алады. Қондырғының 40 шақырымға дейінгі қозғалысқа қуаты жетеді. Және 3 келіден аспайтын жүктерді бар-жоғы 24 минуттың ішінде апара алады. Қызығы, ұшу құрылғылары секундына 12 метрге дейін соғатын желдің екпініне қарамастан тауарды діттеген жеріне мезетінде жеткізеді. Әрі экологиялық тұрғыдан тиімді, көмірқышқыл газының зиянды қалдықтарын кәдімгі темір тұлпарға қарағанда 95 процент аз бөледі.
ЦИТАТА
Ларс Эрик Фагернес, Aviant компаниясының бас директоры
"Тұтынушылар мен қоршаған ортаға пайдасы көп бұл автономды пилотсыз жеткізу қызметі тұтас Еуропа үшін маңызды жаңалық. Біз алдағы уақытта технологияның қызметін Норвегиядан тыс аймақтарда қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз."
Қыз-келіншектерге арналған қосымша
Жасанды интеллект денсаулық сақтау саласында да тиімділігін байқатты. Үндістанда әйелдер репродуктивті денсаулыққа қатысты сауалдарға жауап бере алатын чат-ботты кәдесіне жаратып жүр. Пилоттық жоба Мумбайдағы Myna Mahila Foundation деп аталатын қыз-келіншектер қауымдастығының қолдауымен жүзеге асқан. Олар жасанды интеллект негізінде өздерін толғандырған сауалдарды қою арқылы чат-ботты үйретіпті. Қазір қосымша хинди, маратхи және ағылшын тілдерінде қызмет көрсете алады және әлеуметтік желілерде қолжетімді.
Танви Дивайт, жоба жетекшісі
"Біз назар аударған тақырып - әйелдердің репродуктивті денсаулығы. Көптеген қыз-келіншектер бұл тақырыпта еркін пікір алмасуға дағдыланбаған. Шын мәнінде мәдени норманы сақтай отырып, қыз-келіншектерді алаңдататын проблемалар бойынша пікір алмасып, білгенін үйренуде тұрған еш айып жоқ. Сол себепті бұл чат-бот біз үшін ең дұрыс шешім болды деп ойлаймын."
Комал Вилас Тэткаре, қосымшаны пайдаланушы
"Менің үйімде бірыңғай ер адам болғандықтан репродуктивті денсаулыққа қатысты тақырыпта мүлдем сөз қозғамаймын. Осы қосымшаны қолдану арқылы өзімді толғандырған бірқатар сауалға жауап алдым."
Осындай қарқынмен жасанды интеллект енді 10 жылда адамдар арасындағы коммуникацияны да, еңбек нарығын да өзгертетіні анық. Тіпті мына тұрған менің орнымды болашақта жасанды интеллект жүргізушінің баспасына кім кепіл?!