Несие президенттерді де айналып өтпейді

Былтыр Ресей азаматтарының банкке қайтармаған несие қарызы 3 триллионға жуықтаған.

Осылайша берешек алдыңғы жылмен салыстырғанда 22 процентке көбейді. Бұл Ресейдің Сот приставтары жөніндегі федералдық қызметінің мәліметі.

Ал АҚШ азаматтарының несие карталары бойынша қарызы 1 триллионнан асады. Федералдық резерв банкі берешектің 16 процентке өскенін айтады. Әлем елдеріндегі ақша-несие саясатында нендей жаңалық бар?

Несие АҚШ-та қаржылық қана емес, саяси құралға да айналды. Кредит Байденнің абыройын асырса, Трамптың бағын байлап жатыр. 

Коронавирус кезінде көп дәріптелген криптовалюта біраз адамды жарға жықты.

Қош бол, кредит!

Несие – АҚШ-тағы президент сайлауының салмақты науқанына айналды. Саяси додаға қайта түсуге бел буған қазіргі президент Джо Байден 153 мың адамның оқу үшін алған қарызын кешірді. Несиенің жалпы сомасы – 1 миллиард 200 миллион доллар. Бұл Байденнің 4 жыл бұрын сайланар алдында берген уәдесі еді. Ол осы қарқынмен, яғни несиені кешірумен кезекті президент сайлауына бара жатыр.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Осы несие қарызын кешіре алғаныма қуаныштымын. Қарызынан құтылған америкалықтар алдағы арманына алаңсыз қадам бассын. Колледжде оқу – үлкен өмірге берілген жақсы жолдама. Бірақ бұл жолдаманың құны тым қымбат. Несиеге кешірім жасау адамдардың өмірін өзгертуі мүмкін. Бұл жалпы экономика үшін пайдалы.

Трампқа несие жақпады

Ал Ақүйге қайтадан аңсары ауып жүрген Дональд Трампқа несие бәле боп жабысты.

Экс-президент банктерден ыңғайлы шартпен кредит алу үшін өзінің материалдық байлығының көлемін көбейтіп көрсеткен. Нью-Йорк соты осындай алаяқтыққа жол берді деп, оған 355 млн доллар айыппұл салды. Сондай-ақ Трамптың 2 ұлы 4 млн доллардан төлеуге міндеттелді. Олар "Трамп Организейшн" компаниясын 2017 жылы басқарған. Бұдан бөлек, Трамптың Нью-Йоркте тіркелген кез келген корпорацияда басшы болуына 3 жылға дейін тыйым салынды.

Летиция Джеймс, Нью-Йорк штатының бас прокуроры:

- Бүгін біз ешкімнің заңнан жоғары тұрмайтынын дәлелдедік. Адам қаншалықты бай, күшті немесе жоғары лауазымды болса да, баршаға ортақ заңнан биік емес. Сондай-ақ біз нарық ережелерін де қорғауымыз керек. Дональд Трамп көп жыл бойы, арам бизнеспен және алаяқтықпен айналысып келді. Бұл елде әртүрлі адамдар үшін әртүрлі ережелердің болуы мүмкін емес.

Дональд Трамп, АҚШ-тың экс-президенті:

- Бұл жемқорлыққа әбден былғанған сот ісі. Маған қатысты азаматтық және қылмыстық істердің бәрін Джо Байден сызып берген. Біздің елде бұрын-соңды кездеспеген небір сұмдық болып жатыр.

Криптовалюта тұзағы

Криптовалютаны қағазсыз қаржы деп мақтаймыз. Бірақ цифрлық ақша да алаяқсыз болмайды екен. Тіпті оны арам ниеттілер үшін қолайлы құрал деп айтуға болады.

Былтыр 2 миллиард 610 миллион доллардың криптовалютасы ұрланған. Мұны халықаралық PeckShield зерттеу компаниясы анықтады.

Қолды болған цифрлық ақшаның 674 миллионы ғана қайтарылған. Мамандар "хакерлер қалғымайды, алаяқтар обал-сауапты білмейді" дейді. Өткен жылы заңсыз операция жасап, түрлі қулық-сұмдыққа барған криптокомпанияларға 5 миллиард 800 миллион доллар айыппұл салынған.

Криптовалюта кокаин сататын құралға да айналған. Бұл жүйені есірткі қылмыскерлері шебер меңгеріп алыпты.

Олар әлемдегі ең ірі криптобиржа - BINANCE арқылы АҚШ, Мексика, Австралия мен Еуропада ондаған миллион долларға есірткі сатқан. Бірақ "Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам". Алды Германия мен Британияда тұтылды. 4 миллиард долларға жуықтайтын биткойндар әшкере болған.

Арам ақшадан аулақ, алаяқтан абай болайық!