Соғыс пен сұлулық символы

Израильдің оңтүстігіндегі Газамен шекаралас алқапта қызыл көкнәр гүлдеді.

Жыл сайын бұл жаққа осы бір ғажап көріністі тамашалау үшін мыңдаған турист ағылар еді. Өйткені мұнда дәстүрлі "Алқызыл оңтүстік" фестивалі өтетін.

Бірақ биыл, өкінішке қарай шекара жабық.

Веред Либштейн Газа секторымен шекаралас жатқан, Кфар-Азаның тұрғыны. 19 жыл бұрын "Алқызыл оңтүстік" фестивалін өткізуді қолға алып, жыл сайын түрлі шаралар өткізетінін айтты. Биыл қақтығыс кезінде жұбайы мен ұлынан айырылды. Жылда дәл осы алқапқа отбасымен бірге келетінін күрсіне еске алды.

Веред Либштейн, тұрғын:

- Бұл жерге бұрынғыдай демалу үшін емес, ауыр да қиын кезеңді еске алу үшін келетінім өкінішті. Қабылдау қиын. Дегенмен гүлдің бүршік атуы қайта жаңғыруды білдіреді. Қақтығыс сағымызды сындырса да, жақсы күндер әлі алда екеніне сенемін.

Жергілікті Globes басылымының дерегіне сүйенсек, былтыр мұнда 400 мың турист келген. Туризмге түсетін қаржының 80 процентін де осы фестиваль жапқан. Ал 2013 жылы қызыл көкнәр – Израильдің ұлттық гүлі ретінде бекітілді. Бірақ жергілікті тұрғындар бұл гүлді соғыс пен сұлулықтың символы деп біледі.

Анат Кац, тұрғын:

- Қызыл түс – дабылдың, қанның түсі. Дегенмен бұл гүлдер солып қалған жоқ. Бүршік атып, жайқалып, мына даланың сәнін келтіріп тұр. Дәл солай адамзат тіршілігі жалғаса береді.

Веред Либштейн, тұрғын:

- Біз бұл қақтығысқа биыл не былтыр куә болып отырғанымыз жоқ. Бұл ғасыр қойнауында жатқан қасірет. Шекараның бер жағы болсын, ар жағы болсын... бейбіт тұрғындар жапа шегіп жатыр... қаншама қан төгілді... бойымызды үрей билесе де, ертеңімізге үмітпен қараймыз.

Бір қызығы қызыл көкнәр шекарадан алыстау маңда ақшыл реңкте өседі екен. Тек шекараның қақ ортасындағы гүлдер ғана қып-қызыл. Халықтың мұны қақтығыспен байланыстыруы бекер емес.

Фариза Жанғанаева, 24.KZ.