Қытайда кеменің көпірге соғылуынан бес адам қаза тапты
Қытайда контейнер тасымалдайтын кеме көпірге соғылып, 5 адам көз жұмды.
Тағы 3 адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Оқиға Гуандун провинциясында болды. Санмин аралын жалғап тұрған жалғыз көпір жарамсыз болып қалды. Көпірдің астымен жүргізілген су жүйесі зақымданып, 8 мыңнан астам халық ауыз су, азық-түліксіз қалды. Барыс-келіс үзілді. Қатты соққыдан бағандар қирап, көпір опырылып түсті. Ал үстіндегі 5 көлік, бірнеше мотоцикл және автобус суға құлады. Қазір тұрғындар уақытша паромдармен қатынап жүр. Ауыз су бөшкемен жеткізіліп жатыр.
Инь Цянь, Теңіз қауіпсіздігі жөніндегі басқарма басшысының орынбасары:
- Экипажы дұрыс әрекет етпеген. Жүк кемесі алдымен №18 бағанға соғылып, тұмсығы екінші бағанға тиген. Салдарынан жарық пайда болып, ауыр салмақ басып кеткен. Құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Арнайы тергеу тобы құрылды. Оқиғаға қатысты айғақтар жинақталуда. Кеменің қожайыны ұсталды. Тергеу жүріп жатыр.