ЕуроОдақпен ынтымақтастық
ЕуроОдақтың халықты жұмыспен қамту және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі сараптама орталығы елімізде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға мүдделі.
Жуырда орталық өкілдері Қазақстанның Брюссельдегі елшілігінде елде атқарған жобаларын көпшілікке таныстырды. Жиын барысында Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан 5 жобаның сәтті жүзеге асқанын атап өтті. Ал Астана қаласының азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен «Дом» қоғамдық қоры өзара тәжірибе алмасты. Атап айтқанда аталған ұйым ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды патронаттық тәрбиелеу жүйесін құруға қатысты бар білгенімен бөлісті.
Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгия Мен Люксембургтегі төтенше және өкілетті елшісі:
- Біз экономикалық, инвестициялық жобалардан бөлек, азаматтарымыздың құқын қорғап, әлеуетін жақсартуға бағытталған әлеуметтік маңызы зор жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Осы тәжірибемізбен Орталық Азия елдерімен, аймақтағы басқа да көршілерімізбен бөлісіп жатырмыз.
Маржена Бреза, Socieux өкілі:
- Қазақстан балалар үйлерінің санын азайтуды көздейді. Осы ретте бізге балаларды асырап алатын отбасылар жүйесін құру идеясы келді. Және оны Қазақстанда сәтті жүзеге асыра алдық. Соңғы 2 жылда біз Қазақстанмен белсенді ынтымақтастық орнаттық және жаңа елдерде әріптестер желісін кеңейтуге мүдделіміз.