Мексикада жакаранда гүлі мерзімінен бұрын бүр жарды
Мексикада ерекше табиғи құбылыс тіркелді.
Көктемнің келуін білдіретін жакаранда гүлі мерзімінен бұрын бүр жарды. Бірақ тұрғындар мен ғалымдар қаланың түрлене түскеніне қуанудың орнына алаңдаушылық білдірді.
Мехико көшелері қазір көз тартар көрікті. Шаһардың шырайы кіргеніне тұрғындар да мәз. Бәрі жакаранданың мерзімінен бұрын бүр жарып, гүлдеуімен байланысты. Әдетте Мексика астанасы наурыздың ортасында ғана күлгін түске көмкеріліп, гүлге оранатын. Бірақ биыл қала көшелері қаңтардан бастап түрлене түскен. Бұған ғалымдар қатты алаңдаулы.
Константино Гонсалес, ғалым:
- Жакаранда гүлі жыл сайын наурыз айының соңында гүлдей бастайтын. Бұл жолы қыс кезінде бүр жара бастады. Таңғаларлық жағдай. Табиғат заңына қайшы құбылыс деуге болады.
Табиғат зерттеушілерінің алаңдауы бекер емес. Себебі жакаранданың гүлдеуі өздеріне балшырын жинайтын аралар мен колибриді көптеп тартады. Ал қазір олардың ұйқыда екенін ескерсек, алдағы уақытта құстар мен жәндіктердің популяциясы қысқаруы мүмкін.
Карлос Даниэль Рамирес, студент:
- Әдетте осы уақытта қалада жел тұрып, күн суық болады. Бірақ қазір ауа райы өте ыстық. Бұл климаттың өзгеруінің айқын дәлелі.
Соған қарамастан, ғалымдар мәселенің ақ-қарасын ажыратпай асығыс шешім шығарудан аулақ. Ерекше құбылыстың климаттың өзгеруімен байланысты деген теорияны толығымен тексеріп көрмек. Ол үшін жерсеріктен түсірілген фотолар арқылы өсімдіктердің кейінгі жылдардағы гүлдеу мерзімін салыстырмақ.